Атырау, 23 желтоқсан 13:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Күніне 30 адам. Атырау кітапханалары қайта өрлеу дәуірін бастан кешуде

977 просмотра

Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана оқырмандар сұранысын ескеріп, жаңа кітаптарды сатып алуға тапсырыс берді. Осылайша жыл аяғына дейін 3,5 млн теңгеге «Мазмұндама» баспасынан 3,5 мың кітапты сатып алу көзделіп отыр.

Бұл баспа бестселлер кітаптардың мазмұнын аударып, баспа менеджментін сәтті ұйымдастырып жүргендердің бірі. Одан басқа 1,428 млн теңгеге көзі көрмейтін және нашар көретіндерге арналған нүктелі-бедерлі арнаулы кітаптар сатып алу жоспарда тұр. 

Кітапхана мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардан басқа республикалық баспалардан жарық көретін кітаптармен толығады. Мұнда 358 433 дана кітап сақтаулы. Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана басшысының орынбасары Мейрамгүл ЛЕСҚЫЗЫ бұл кітаптың барлығы оқырман сұранысына жауап бермейтінін растайды. Былтыр оқырман сұранысына орай кітапханадағы кітап қорын толықтыру үшін  жергілікті бюджеттен 14 млн 815 мың 191 теңге қаражат бөлініп, 3 793 дана кітап сатып алынды. Қаржы Атырау облыстық мәдениет басқармасы арқылы бөлінді. Негізінен жастар оқитын өзін-өзі тануға және баюдың жолдарын ұсынатын психологиялық, мотивациялық тақырыптағы кітаптар сатып алынған. Оларды негізінен жастар оқиды.

Себебі, кітапханаға келушілер тарапынан мотивациялық, өзін-өзі тану, дамытуға және кәсіп ашып, бизнес бастап, табысқа шығу, қаржы көзін табу, баюға арналған және өмірде қажетті пайдалы кеңестерден (лайфхактар) тұратын кітаптарға сұраныс бар.

Кітапхана базасында 30 мыңнан астам оқырман тіркелген. М. Лесқызының сөзінше, кітапхана базасы 2000-жылдардан бастап енгізілген. Оқырмандар арасында бір рет келгенде тіркелгендер де, тұрақты келетіндер де бар. Жыл сайын оқырмандарды қайта тіркеу жүреді. Жыл қорытындысында жылына шамамен 2500-3000 оқырман қосылып отырғаны байқалады. Кітапханаға күніне шамамен 30 оқырман келеді. Мұнда оқырмандарды 15 жастан бастап қабылдайды. Кітапхана қызметкерлері интернет пайда болғалы, барлық сала цифрландыру жүйесіне көшкен кезеңде кітапханаға келушілер саны күрт азайғанын растайды, бірақ күніне 30 оқырманның келуі жаман көрсеткіш емес деп есептейді.

М.Лесқызы кейінгі уақытта кітап оқуға қызығушылар саны біртіндеп болса да артып жатқанын байқаған.

- 90-жылдары барлық салада тоқырау болды: маманар кетіп қалды, газеттердің жаңа сандары келмеді, кітап бөлінбеді. Сонда оқырман азайып кеткені байқалды. Әрине, қазір де келушілердің қарқыны аз, бірақ Совет одағы кезінде де «самый читающий народ» деген нәрсе де өтірік. Дегенмен, қазір кітапқа қызығушылық жанданып келеді, кітапхананың тұрақты оқырманы бар. Кітап оқылады, оқырмандар біз білмейтін жаңа кітаптарды сұрап келеді, - дейді М. Лесқызы. 

Кітапханаға келушілердің жасы әр түрлі. Келетіндердің дені студент-жастар және 35-40 жасқа дейінгілер. Арасында зейнеткерлер де келіп тұрады. Кейде декреттік демалыстағы аналар мен үй шаруасындағы әйелдер де кітап сұрап келеді. Кейбірі балаларымен коворкинг орталығында демалып қайтады, енді бірі интернет залда компьютермен жұмыс істеу үшін келеді. Тағы бір топ бар, олар – вахталық ауысымда жұмыс істейтіндер. Демалысына шыққан кезде кітапханаға келіп, қалаған кітабын сұрап келеді. 

Кітапханада оқырман тарту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Былтыр кітапханада «Caspian news» облыстық телеарнасымен бірлескен «Қазына» кітапқұмарлар сайысы өтіп, жүлде қорына 500 мың теңге тігілген. Бас жүлдеге 200 мың теңге табысталды.

Биыл да кітапханада кітап оқуға қызығушылықты ояту мақсатында жаңа жобалар дайындалды. «Кітапханадағы кешкі кездесу», «Біргеміз», «Кітапкеміргіштер» жобалары аясында оқыған кітаптарды талдау, пікірлесу секілді түрлі тақырыптағы шаралар ұйымдастырылады. Кітапхана «Оқырман қыздар» клубымен де бірлесіп жұмыс істеп, алғашқы отырысын өткізді. Кітапханада Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» шығармасы талқыланды. 

Сонымен қатар, 2024 жылы ақын, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай аймақтық эссе байқауы және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқушылар арасында «Кім мықты?» атты зияткерлік сайыс және т.б. іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланған. 

Жыл сайын 24 қазанда Кітапханашылар күніне орай облыстық деңгейде «Кітапхана түні» ұйымдастырылады.

Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана тарихы 1920 жылдан басталады. 1920 жылдың 19 қаңтарында Халық ағарту уездік бөлімі Гурьев революциялық комитетінің мектептен тыс бөлімінде кітапхана бөлімшесі болып құрылды.

Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана - Атыраудағы ең ірісі. Ғасырдан астам тарихы бар облыстық ғылыми әмбебап кітапхана облыстағы мемлекеттік жүйеге қарасты 139 кітапхананың жұмысын үйлестіруші әдістемелік орталық. Атырау облысында 139 кітапхана бар: екі облыстық, 19 қалалық, 14 аудандық және 104 ауылдық. Осылардың ішінде 16 кітапхана - балалар кітапханасы. Облыстағы 139 кітапхананың жалпы қоры 2 млн 546 мың 476 дананы құрайды.

Кітапхана әкімшілік-территориялық бөліністің өзгеруіне байланысты 1926 жылы – уездік, 1927 жылы – орталық, 1928 жылы – округтік, 1930 жылы – аудандық, 1933 жылы қайтадан округтік, ал 1938 жылдың 12 ақпанынан бастап облыстық кітапхана болып құрылды.

Аудандарда аудандық кітапханалар құрыла бастап, 1948 жылы Гурьевте және облыс аудандарында 28 кітапхана, бұдан басқа мектептерде, техникумдар мен өндірісте 42 кітапхана болды. Осы жылы облыста тағы да 7 кітапхана ашылды.

1926 жылдың 15 мамырында қала бойынша уездік кітапхана болып, кітап қорында барлығы 5600 дана кітап болған.

Кітапхана өзінің кітап қорын кітап сауда мекемелері мен республика қалаларынан почта арқылы алу жолдарымен толықтырды. Негізгі облыстық кітапхана коллекторы арқылы жасалды, сондай-ақ, Иваново, Воронеж, Рига, Ставрополь, Тамбов, Львов және Куйбышев қалаларынан сұраныс беру арқылы әдебиеттер алып отырды. Қор орыс классиктерінің, шетел және Кеңес одағы жазушыларының шығармаларымен толықты.

50-жылдары қаладағы А.Островский атындағы облыстық кітапхана халыққа кеңінен танылған, 1500 оқырманы бар, қаланың орталығындағы кең де ыңғайлы мекен-жайда орналасқан үлкен кітапханаға айналды. Қорында 20 мыңнан астам кітап болды және үздіксіз толығып отырды.

Соғыстан кейінгі жылдар мен 80-ші жылдардың аяғына дейін кітапхана қоғам талабына сай мемлекет саясатын насихаттайтын, Коммунистік партия съездері шешімдерін жүзеге асыруға бағытталған шараларды халыққа жеткізу, түсіндіру бағытында жұмыстар жүргізген. Кеңестік  классик ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттауда көптеген шаралар өткізілген.  

Айнұр САПАРОВА

14 маусым, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.