Атырау, 26 қараша 07:23
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Құс базары тарқамаған мекен

24 448 просмотра

Құстар – жер бетіндегі ең керемет тіршілік иелерінің бірі. Олар табиғи және мәдени ландшафтарды әсемдеп, оларға ерекше үндерімен, реңдерімен қайталанбас өзіндік түр береді.

Сәуір айының басында ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен халықаралық құстар күні атап өтіледі. Біз облыстағы биолог-аңшылықтанушы, «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының ғылымдар және мониторинг бөлімінің бастығы Александр ИВАСЕНКОҒА бірнеше сұрақтар қойған едік.

–  Құстар күні неліктен сәуірде атап өтіледі?

– Бұл құстардың ұзақ уақыт қыстаған орындарынан ұшып келетін күні. Бізде бұл күн 1927 жылдан бері атап өтіледі. Ал құстарды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға сонау 1906 жылы қол қойылған болатын. Өзіңіз білетіндей, 2009 жылы Каспий теңізінің жағалауымен жанасып жатқан Жайық өзенінің атырауында құстардың сібір-шығыс-африкалық көшу бағытының жолында «Ақ жайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Бұл сулы-батпақты жерлерге және су маңына құстар ұя салатын Қазақстандағы ірі резерват, бұл олардың жаппай түлейтін жерлері және жыл сайын көшетін уақытта жүз мыңдаған қанаттылар аялдайтын маңызды орын. 

Резерват аумағында 292 құс түрі тіркелген, олардың 110 түрі ұя салады, 76 түрі қыстап қалады және 106 түрі көктемгі-күзгі ұшу кезінде кездеседі. Қолда бар мониторингтік мәліметтер бойынша, Каспийдің солтүстік-шығыс жағалаулары арқылы 5 миллионға дейін үйректер, 500 мыңға дейін қаздар, 100 мыңға дейін аққулар, 35 мыңға дейін қоқиқаздар, 10 миллионға дейін балшықшылар және 2 миллионға дейін қасқалдақтар бар екен. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде 20 мыңға дейін аққулар мен 100 мыңға дейін үйректер қыстайтын көрінеді.

ҚҰСТАРҒА АРНАЛҒАН ҚОЛҒАП

– Мониторинг қалай жүргізіледі? Миллиондаған үйірлерді қалай санауға болады?

– Резерваттағы зерттеу бес мониторингтік бағыт бойынша жүргізіледі, ол аквальды және жер бетіндегі 29 экожүйені  құрайды. Олардың әрбіреуінде мониторингтік алаңдар бар, сол жерде кездесетін құс түрлеріне есеп жүргізіледі, олардың кездесу саны тіркеледі, азық қорының болуы, қорғаныс және ұя салу жағдайы зерттеледі, ұя салатын кездің басталу уақыты, балапандардың өсу кезеңі, суда жүзетін құстардың түлейтін уақыты анықталады. Құстардың ұшып келетін және ұшып кететін уақыттары белгіленеді. Өсу, түлеу бойынша есеп жүргізіледі. Көктемгі, күзгі және тіпті қыстап қалатын жыртқыш құстарға қысқы бақылау жүргізіледі. Мұнда аққұйрықты субүркіттердің, саз құладындарының, жамансарылардың саны өте көп, қарақұстар, күйкентайлар, үкілер көп кездеседі, ал бір жылдары бізден тіпті ақ поляр жапалағын көргендер бар екен.  

Сулы-батпақты жерлерге тән өкілдер қандай?

– Орнитофаунаның негізі 40 түрден тұрады. Басты түрлері аққұтандар, үлкен және кішкене суқұзғындар, бақылдақ құтандар (немесе түнгі аққұтан), сұқсыр үйректер, қасқалдақтар, қарқылдақтар, сүңгуір және өзен үйректері боп табылады. Қызыл кітапқа енген және жоғалу қаупіндегі қызғылт және бұйра бірқазандар, кішкентай ақ және сарыққұйрық құтандар, жалбағай, қарабай, көкмаңдай, аққұйрықты субүркіт және т.б. ұя салады.

Азық базасы бәріне жете ме?

– Ол жыл мезгілдеріне байланысты болады. Мәселен, күзгі маусым өсімдікпен қоректенетін құстар (өзен және теңіз үйректері) үшін қолайлы, жазда балықтармен қоректенетін құтандар мен суқұзғындар үшін қорек мол. Өсімдіктермен де, балықтармен де, ұлулармен де қоректенетін құстар бар. Мәселен, қарабай құсы.   

Құстардың барлығы да ұя сала ма?

– Әр құс өзінше ұя салады. Құтан, қарабай, бірқазан және кішкентай суқұзғындар қамыстың салындылары мен қоқыстарын жөн көреді, қасқалдақ жер бетіндегі құрақты өсімдіктер бар жерде мекендейді. Үлкен суқұзғын, бөктергі және күйкентай секілді жыртқыш құстар ағаштарға ұя салады, ал электр тарату желілерінің бағандарынан дала қыранының ұясын көруге болады. Ұсақ  торғайлар негізінен шөбі шүйгін жерлерді, шағалалар мен балшықшылар, әдетте, ашық құмдауытты жерлерді таңдайды. Ал бірде-бір бұтасы жоқ төбелерде үлкен қарқылдақтар мен қарабас өгізшағалалар ұя салады. Құрқылтайдың ұясы кішкентай ғана тері қолғап секілді боп келеді.

КӨКМАҢДАЙ ҮШІН ҚОРҒАУДЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК

Сіздің пікіріңізше қай құстар өзгеше боп табылады?

– «Ақ жайық» резерватының эмблемасында безендірілген бұйра бірқазан мен қарабайды атап өтуге болады. Қызыл кітапқа енген осы құстар біздің аймағымызға тек ұшып келетін кезде ғана паналамай, осы жерден ұя да салады. Бір қызығы, «Орта Азия құстары» кітабында жазылғандай, қарабай Атыраудан басқа Қазақстанның барлық облыстарында кездеседі. Бұл осы түрдің бізде зерттелмегендігін білдіреді. Сондай-ақ, бұл жерге негізінен бірқазандардың жыныстық жетілмеген түрлері ғана тоқтайтындығы таң қалдырады. Бұл жұмбақ боп тұр. Дегенмен де, олардың ұя салған жекелеген түрлері кездесті.

Алайда ең өзгешесі – көкмаңдай құсы. Бұл жерден оны алғаш рет 2004 жылы анықтаған. Сирек кездесетін бұл құс оқшауланып тіршілік етеді және көкмаңдай үшін резерват жағдайының тіршілік етуге қолайлы болуы – біздің аймағымыздың биотүрлілігін қорғауды күшейту қажет екендігін білдіреді.

Бұрын біздің облысымыздың аумағында тіршілік еткен, ал қазір жоғалып кеткен қанаттылар бар ма?

– Зоология институты ғалымдарының мәліметтері бойынша, ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Солтүстік-Шығыс Каспий жағалауларында қыстайтын жерлерден ақ қаз кездескен, алайда содан кейін оны қазақстандық және ресейлік теңіз жағалауларынан көрмеген. Қазіргі кезде ол Қара және Азов теңіздерінде, Молдавия мен Румыниядағы жағалауларда қыстайды.  

КҮКІРТСУТЕК ӘКЕЛГЕН АЖАЛ

Итбалық пен Каспий майшабақтары секілді қанаттылардың да жаппай қырылуы орын алды ма?

– Соңғы рет жаппай қырылу 1987 жылы Каспий теңізінің жағалауындағы Теңіз кенішінің ауданында ресми түрде тіркелді. Зерттеушілердің негізгі жорамалы бойынша, суда жүзетін құстар күкіртсутек шығарындысының салдарынан уланғандықтан орын алған. Бұл газдың 3-тен 5 сантиметрге дейінгі қашықтықта су бетіне жайылатындығы белгілі. Сондықтан негізінен ұсақ құстар (шүрегейлер) қырылған, ал судан жоғарылау қонатын анағұрлым ірі түрлері (сұр үйрек, барылдауық үйрек, италақаз, бізқұйрық үйрек) аз мөлшерде жапа шеккен.

1985 жылы 37-ші ұңғымада орын алған атышулы апатты еске алмасқа болмайды. Сол кезде отқа оранған жыл құстарының үйірі мыңдап қырылған болатын. 

Белгілі бір құс түрлерінің көбеюіне аңшылық пен браконьерлік қалай әсер етеді, әлде бұл жерде мүлдем басқа факторлар рөл ойнай ма?

– Біздің аймағымызда спорттық-әуесқойлықпен аңшылық құру суда жүзетін құстардың көбеюіне еш әсер етпейді, өйткені аңшылық маусым көктемде де, күзде де құстар көшетін уақытта өтеді. Оның үстіне қазір рұқсат бойынша ату аз да болса шектелді. Тек табиғи тіршілік ететін жердегі ландшафтың бұзылуы мен құстар көп шоғырланған жерлерден кеніш игеру секілді антропогендік факторлар ғана зиянын тигізеді.

Есесіне соңғы кездері безгелдектің, сұр құрдың және шегіртке жейтін дуадақтың саны көбейгендігі байқалады. Қазір көбейіп кеткен шегірткені шағын авиация арқылы улаудың тоқтатылғанына 20 жылдай уақыт болды. Өздеріңіз көріп отырғандай, табиғатта бәрі де өзара байланысты. Тек оған ұқыптылықпен қараған кезде ғана әлі де табиғаты бай Каспий өңірінің биотүрлілігін сақтап, көбейтуге болады.

Жазып алған Лев ГУЗИКОВ

6 сәуір 2011, 21:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.