Көптен барғысы кеп жүрген, бірақ жете алмаған жандар үшін Үндістанның өзі Атырауға аяқ басты. 2-ші сәуірде «Best of India» сауда көрмесі ашылды.
Ал ол жерде болып қайтқандар қайтадан осы елге ғана тән жұпар иістердің, майлардың, дәмдеуіштер мен тағы бір нәрселердің қоспасынан түзілген ерекше иіске бөлене алады. Көз тұндырған қызылды-жасылды түстер, теңіз бен құмның бейтарап реңдері, жалт-жұлт еткен арзан тастар, таза теңіз маржандары мен кәріптастар... Үндістанда бәрі бар, тіпті тондар да бар, бірақ олар бізге әкелінген жоқ. Есесіне этникалық туникалар мен шальварлар, жерге дейін тиетін хиптік белдемшелер, аспалы сөмкелер, жібек, мақта және кашемир мойынорағыштар мен палантиндер, брендтік коллекцияның үлгілерін көшірген түрлі көйлектер, өте әдемі келген және көп тер төккендігі көзге ұрып тұрған жамылғылар, сари, кендір алашалар, пілдердің алуан түрі, арзанқол әшекейлер мен таза тастар (өздері солай дейді), майшамдар, жұпар иістер, косметика, сувенирлер әкелінген... Санамалап санын тауыса алмайсың. Бірақ шайы жоқ, киносы мен әні де жоқ. Әлсін әлі ұлттық дауылпаздарын қағып қоятын қоңырқай өңді, әсемденіп киініп алған музыкант жұп пен ниет білдірушілерге қынамен дене әшекейін салатын қырмызы сари киіп, мұрнына сақина таққан экзотикалық Зита-Гита бар.
Бүгінде өте жақсы сападағы тауарлардың қомақты мөлшерін дүниежүзілік нарыққа шығарушылардың бірі деген атқа сай келетіндей Үндістанның бізге ұсынар кереметі бұл емес. Ұйымдастырушылардың көңіліне келмесін, алайда жәрмеңкедегі тауарлар туристік Үндістаннан – Агра мен Джайпурдан бастап оңтүстік штаттарға дейінгі барлық бағыттағы шетел турисінің жолында кездесетін жүз мыңдаған сауда сөрелері мен базарларын толтырып тұрған тауарларды қайталайды екен. Дегенмен де сол жерден біздің жерге әкелінген өзгеше тауарлар көптеген сатып алушыларды өзіне тартыпты. Қазақстан қалалары бойынша жасалған бұл гастроль – алғашқысы да, соңы да емес. «Best of India» жәрмеңкесін ұйымдастырушы Раджив СУРИДІҢ айтуынша, сатудан түскен түсім шығынды ақтап отырған көрінеді, келесі жолы автокеруен Атырауды айналып өтпек емес:
– Біз осындай жәрмеңкелерді төрт жылдан бері Алматыда жылына екі рет өткізіп келеміз. Үнемі Арменияға, Грузияға, Литваға, Беларуссияға, Оңтүстік Америкаға және Оңтүстік Африкаға барып тұрамыз… Бізге өзіміздің елшілігіміз көмектеседі, өйткені мұндай шаралар Үндістан үшін жарнама боп табылады, біздің елдер арасындағы жолға қойылған сауда байланысын нығайтады. Жәрмеңкеге Үндістанның түрлі штаттары мен қалаларынан: Делиден, Оңтүстік Үндістаннан, Кашмирден, Джайпурден, Аградан әкелінген түрлі тауарлары бар 32 бөлім қатысады...
Жәрмеңке Атырауда 11-сәуірге дейін жұмыс істейді. Шығыс базарының қалдықтары жүк арбамен Алматыға жылжиды. Ал қоңырқай өңді үндістер өз елдеріне кетеді. Олар осы тұрақты қозғалысты ТМД мен Қазақстан қалаларында жалғастыру үшін кешікпей қайта оралмақ.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсіргенВ. Истомин