Атырау, 26 желтоқсан 01:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Бекет ата» кітабы орысша шықты

7 822 просмотра

Өткен жұмада облыстық филармонияда журналист Гүлжан Елешова аударған «Бекет Ата» кітабының орыс тіліндегі нұсқасының таныстырылымы өтті.

Пір Бекеттің аруағына тағы да бір тағзым етуге жиналғандардың көптігі соншалық филармонияның шағын залы адамдарға лық толы болды. Салтанатты кешті бастамас бұрын алдымен Бекет ата аруағына дұға бағышталды. Содан соң кезекпе-кезек сөз алған «Тенгизнефтестрой» АҚ президенті Төкен Жұмағұлов, З.Қабдолов атындағы ғылыми орталық директоры Қадыр Жүсіп, кітап оқырманы Раиса Бетковалар ұлы атаның рухани өмірінің ұрпаққа өнегесі жайлы ойларын ортаға салды.

«Бекет ата» кітабының авторы Ислам қажы Мырзабекұлы Бекет Атаны тек діни қайраткерлігінен өзге де қырларын ашып көрсетуге тырысқанын айтады. Ол бұл кітапты жазып шығуға 40 жыл уақыт жұмсап, материал жинау үшін бірталай жерді шарлаған екен.

Кеш соңында «Бекет атаны» орыс тілінде сөйлеткен Гүлжан Елешованың өзін сөзге тарттым.

- Аударма жұмысын шығармашылық жұмыстардың ішіндегі ең ауыры дер едім. Өйткені, алдымен автордің стилін сақтау әрі оның айтар ойын оқырманға сол қалпы жеткізу қиынның қиыны. Бұған қоса тарихи даталарға, географиялық атауларға, қазақтардың өздері үшін таныс бірақ орыс тілді оқырмандардың ұғымы үшін таңсық дүние- рулар мен олардың таралуын (роды и под роды) аударуда ерекше мұқияттылық қажет болды.Талай әдебиеттерді ақтаруға, сопылық ұғымының зерттелуі жөніндегі діни әдебеиеттерді, философтарды парақтауға тура келді,-дейді аударма авторы.

- Кітапта көптеген мақал сөздер бар. Оларды сөзбе сөз аудару мүмкін емес екені белгілі. Оларды қалай тәржімаладыңыз?

 - Бұл ретте де көптеген әдебиеттерді саралауға тура келді. Тіл әр түрлі болғанымен гуманизмге үндейтін мақалдардың қай тілде болсын баламасын табуға болады ғой. Сондықтан мен автор келтірген мақалдардың орыс тіліндегі эквиваленттерін қолдандым.

Бірақ бір айта кететіні кейбір сирек кездесетін көне сөздер мен қазақтың тұрақты тіркестерін орысшалауда өлкетанушы-тарихшы Аманғали Әміржанов көп жәрдемдесті.

Әзірге кітап шағын тиражбен шығып отыр. Оның авторлары бұл кітапты Пір Бекеттің туған жеріне деген сыйлығымыз дейді. Ал аударма авторы бұл жұмысын журналистер атынан Бекет атаның 260 жылдық өткен мерей тойына жасалған тартуы екенін айтады.

- Әдетте Атаның рухына бас игісі келетіндердің бәрі Маңғыстау жеріне Оғландыға барады. Бірақ Бекеттің біздің Жылыой ауданындағы Ақмешіт ауылында туғанын көбі біле де бермеуі мүмкін. Бекет Атаны ерекше дарынды ғалым, архитектор, сопылықтың биік шыңына шыққан қайраткер ретінде танығанымен, оның бұл жолға қалай келгенін, қалай оқып-білім алғанын білуге құмартатындар көп. Оны кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы «Прикаспийская коммуна», «Огни Мангистау» газеттерінде жарық көре бастағаннан бергі тынымсыз соғылған қоңыраулар мен кітапты қайдан табуға болатындығын сұраған хаттардан аңғаруға болады,-дейді Гүлжан Елешова.

Осылайша дүнеге келген тағы бір әдеби туынды таныстырылымы соңы филармония әртістерінің ән-кешіне ұласты. Жиналғандар әнші-ақын Елемес Мағазовты, әнші Гүлмайдан Сүндетованы, күйші Ғаду Әбішевті рахаттана тыңдады.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

8 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.