Атырау, 4 қазан 16:24
 ашықВ Атырау +16
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Жайық пен халықты құрбандыққа шалған жоба

5 569 просмотра

Қарашаның 19-ы күні Атырауда Жайық өзені сағасында мұнай төгінділерін жинайтын экологиялық базаны орналастырудың қоршаған ортаға зияны әсерін алдын ала  анықтау жөніндегі қоғамдық тыңдау өтті.

«Қазмұнайгаздың» бұл мәселені көтеріп келе жатқанына бес жылдай уақыт болды. О бастан-ақ базаны Дамбы поселкесі аумағындағы Жайық сағасынан салу көзделген болатын. Ал ол «Ақ Жайық» табиғи қорығына жақын. Ал бұл қорықты итбалық пен қызылбалықтың сан түрлері, жүздеген құстар мекен етеді. Мұнай төгінділерін жинауға арналған база балықтардың, соның ішінде  президент күні кеше Бакуде мораторий жариялауға ұсыныс айтып отырған қызылбалықтардың  уылдырық шашатын жері.

КҮЛКІНІ КЕЛТІРГЕН КЕҢЕС

Бұл жолы атыраулықтарды Жайық өзені сағасына мұнай жинайтын база салуға «көндіруге» келгендер тізімі тым салмақты болды. Олардың қатарында «Қамұнайгаз» ұлттық компаниясының (айтпақшы, тапсырыс беруші осы компания - С.Т.), Қазақстан геологиялық ғылыми зерттеу институтының өкілдері, North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы менеджерлері, қоршаған ортаны қорғау министрлігінің  шенеуніктері қатысты. Жергілікті халықтың пікірін академик Мұфтах ДИАРОВ (суретте) пен бір топ атыраулық қоғамдық ұйым белсенділері білдірді. Атыраулықтарды қолдауға «Руханият» жасылдар партиясының жетекшісі Серікжан МӘМБЕТАЛИН (суретте) келді.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан астраханьдық «Биоценез» ғылыми бірлестігі жетекшісі Геннадий ЛЮСЕВТІҢ (суретте) ұсынысы елдің күлкісін келтірді. Оның айтуынша, ресейліктер базаның қоршаған ортаға зиянын анықтау үшін өсімдіктер құрамына алдын ала зерттеу жасаған екен. Оның қорытындысы Дамбыдағы метафаунаның адамдардың әрекеттеріне, ары-бері ағылған көліктерге, түрлі антропогендік әсерлерге әбден бойы үйреніп алғанын көрсеткен. Мәселен, Хан қызы қоңызының Дамба ауылы ішінде қыдырыстап жүргенін көрдім. Мұның барлығы базаның жергілікті өсімдіктер мен жануарлар өміріне еш қауіпсіздігін аңғартады деп санайды ол.

«Егер сіздер осы экологиялық базаны салсаңыздар, біз де өз үкіметімізді Қазақстанды үлгі қылып, бопсалар едік, Еділдің сағасына дәл осындай база тұрғызған болар едік. Өйткені, астарханьдықтар да Мексика бұғазындағы жағдайдан соң ерекше алаңдаулы».

Алайда ресейлік натуралистің дәйегі «Ақ жайық» мемлекеттік қорығының қызметкері Зинаида ФЕДОРОВАНЫҢашуын туғызды.

- Сіз Жайықты Еділмен қалай салыстырмақсыз? Егер Еділ  сегіз сағаға бөлінсе, Жайықта бар болғаны төртеу. Бұған қоса сіздің зерттеуіңізден биоәр-түрліліктерге келетін зиян жайлы ештеме естімедік. Ал әлгі сіз айтқан Хан қызы қоңызы Дамбыда жәй қыдырып жүрген жоқ, ол оның жұмыртқа салатын жері, - деді табиғат қорғаушы.

ЖОБАНЫ ДАЙЫНДАУШЫЛАРДЫ СОТҚА БЕРУ КЕРЕК

Содан соң белгілі академик Мұфтах Диаров сөз алды. Оның айтуынша, мұнай компаниясының осындай база салу жобасы арқылы халыққа жасап отырған қастандығы патша заманында да болмаған.

- Патша билігі тұсында балықтың уылдырық шашатын кезінде ол жерден мал айдауға тиым салынатын еді. Ал кеңес дәуірін-де Жайық өзенімен шағын қайықтарды да жүргізбейтін. Тіпті, шіркеулерде безбен де қағылмайтын. Егер бұл мәселеге мемлекет басшысы рұқсат берген болса, оған дұрыс ақпарат жетпеген. Сондықтан осы жобаның бас тапсырыс берушісі «ТеңізСервис» ЖШС компаниясы басшылығын қаржылық жауапкершілікке тарту керек. Олардан апатты жағдайларға аса қажет базаны осыдан үш жыл бұрын көрсетілген басқа участоктен салдыруға кедергі кел-тіріп, уақытты созғаны үшін және оның жобасын жасауға кеткен шығындарды өтеуін талап ету керек, - дейді Мұфтах Диаров.

Ал «Глобус» экологиялық ұйымы жетекшісі Галина ЧЕРНОВА Астанадан келген эколог-шенеуніктердің  «бет пердесін» сыпыруға тырысты:

- Кімді алдап отырсыздар? Ертең оның жемісін бәріміз бірге жинамаймыз ба? Сіздер Астанада отырып аса мәртебелі келіс-сөздерге қатысып, Қазақстанның табиғи байлығы жайлы дәмді әңгіме айтасыздар. Енді міне  қоршаған ортаға зиян келмеуін бақылауы тиіс мемлекеттік орган (қоршаған ортаны қорғау министрлігін айтады - С.Т.) осы құжаттың орындаушысына айналып отыр. Сондықтан база жобасын жасаушылар мен тапсырыс берушілерді сотқа беруге мәж-бүрбіз. Алдымен Атырау облыстық сотына шағымданамыз. Одан қорытынды шықпаса, ҚР Жоғары Сотына барамыз, ол солқылдақтық танытса Женевадағы Орхусс конвенциясы жөніндегі халықаралық комитетке дейін жететін боламыз, - деді эколог.

МИНИСТРЛЕР МӘСЕЛЕНІ  ХАЛЫҚСЫЗ ДА ШЕШІП ҚОЙҒАН

Мұнай төгінділерін жинайтын базаның бас тапсырыс берушісі  «Теңіз Сервис» ЖШС («Қазмұнайгаздың» еншілес кәсіпорыны)  бас директоры Ғазиз ҚҰСАЙЫННЫҢ айтуынша, базаны Дамбы елді мекеніне орналастырудың бірнеше ұсыныстары қаралыпты. Біреуі осы ауылға түссе, қалған екеуі Пешной  жартылай аралдарына нұсқалған екен. Алайда авария кезінде қа-жетті жабдықтарды таситын су кемелерінің жүруіне мүмкіндік беретіндей теңізге жақын әрі  қоршаған ортаға зиянсыз болғандықтан нақ осы Дамба ауылына таңдау түскен.

- 2009 жылғы қаңтардағы Атырауға сапары кезінде премьер-министр  үкіметке осы үш участоктың біреуін мұнай төгінділе-рін жинайтын база үшін анықтауды тапсырған еді. Қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, мұнай және газ министрлері мен Атырау облысы әкімі ұсынысы негізінде Дамба ауылынан үш шақырым жерге базаны салу шешімі шығарылды, - деп ақталды «Теңіз Сервис» жетекшісі.

Бас тапсырыс берушінің сөзі бес жылғы даудың түйінін шешкендей болды.

- 2010 жылдың шілдесінде база жобасын жүзеге асыру жөнінде мұнай және газ министрі С.Мыңбаевтың жетекшілік өтуімен кеңес өткен. Сол кеңесте  төрт министр қол қойған хаттамаға сәйкес экологиялық база 2012 жылдың тамызына дейін Дамбы ауылы аумағында салынып бітуі тиіс, - деді ол.

Ал қоршаған ортаны қорғау министрлігінің анықтама орталығы директоры орынбасары Людмила ШАБАНОВАНЫҢ айтуынша, егер база құрылысы іске асса Дамбыда  қой үстіне боз торғай жұмыртқалайды. Әр қараша үй бір күрекке ие болып, ел балыққа телміруді қояды. Бұған не айтасыз?

ЖАУАПСЫЗ САУАЛДАР

Әрине, атыраулық табиғат жанкүйерлері қолдарынан келгенше Қазақстанның  балық қорына төнген қауіпті сейілтпек болды. «Арлан» қоғамдық бір-лестігі жетекшісі Макс БОҚАЕВ «Сонда тікұшақпен апат бола қалса қажетті құрал-жабдықтарды қалай жеткізбексіздер? Ал өзенде мұз қатқан кезде не істемексіздер? Балық уылдырық шашатын уақыттағы тренинг қалай өтеді? Рамсар конвенциясына  Қазақстанның халықаралық келісімді бұзғаны жайлы ескерту жасадыңыздар ма? Пайдаланылған суды қайда жинайсыздар?» деген сандаған сауалдарына ауыз ашып жауап  берген ешкім болмады. Тек сасқан үйрек артымен жүзедінің керін келтіргендей болып «Теңіз Сервис» бастығы «жаттығу жұмыстары екі айда бір рет жүреді. Яғни екі айда бір рет кеменің ары бері өткенінен қоршаған орта зиян тартпайды, балықтардың ештеңесі кетпейді» деп түсіндірді.

Ал Төтенше жағдай департаменті қызметкерінің «апат болған кезде өрт сөндіруге қандай техника түрі қолданылады?» деген сауалына да ешкім ештеңе айта алмады.

Бұған жауап береді деген NCOC менеджері Скотт Смит мырзадан «біз мұның бәрін мұнай төгілуіне дер кезінде әсер ету үшін жасап отырмыз» дегеннен басқа жауап болмады. 

Сондықтан болу керек, Серікжан Мәмбеталин өзінің осындай маңызды іске тапсырыс беруге «Теңіз Сервистің» құзырының барлығына күдіктенетінін айтып салды.

- Әңгіме табиғат тағдыры туралы болып отырғанда сараптама жасауды іргедегі астраханьдықтарға емес, аса ірі халықаралық компанияларға сеніп тапсыру керек еді. Мәселен Англия корольдығының теңіз биологиясы институтының сарапшыларын шақыру керек  еді, - дейді жасыл жетекшісі.-  Өйткені, Солтүстік Каспий консорциумына бұл базаның бар жоғы бәрі бір. Өнімді бөлу жөніндегі келісім-шартқа сәйкес, мұнай опреацияларының салдарынан болған экологиялық залалға тек Қазақстан жауап береді. Құрыған, бүлінген табиғат үшін шетел-діктер емес біз жауап береміз.

Әрине, қоғамдық тыңдау жүргізушілері сценарий бойынша барлық сауалдарды жазба түрде  тапсыруды өтініп жатты. Ол кейін жобаға мемлекеттік сараптау қорытындысын айту үшін Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жіберіледі дейді. Бірақ не үшін? Бұл қоғамдық тыңдау деп аталатын шоудың еріккеннің ермегі тәрізді дүние екенін ендігі ел біліп болған. Сондықтан да болар оған  жапырыла келген жұртты көрмедік. Оның қажеті де жоқ болар. Өйткені, мүдделі тараптар мұнай төгінділерін жинайтын базаны балықтар мен құстардың мекені үстінен салуға рұқсатты  үкіметтен алып та алған, нақты мерзімі де анық, Атырау облыстық әкімдігі жерді рәсімдеп берген. Атыраулықтарға қалғаны ойран болған табиғат мазарына қарап көз жасын бұлау ғана.

Сания ТОЙКЕН

Суреттерді түсірген автор

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.