Атырау, 23 желтоқсан 20:16
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Гауһар ҚАБИЕВА: «Өмірде де, өнерде де ойнап жүрміз»

6 202 просмотра

Облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының актрисасы Гауһар ҚАБИЕВА биыл «Жыл актрисасы» атанды. Бұл атақ актрисаның «Итальянша үйлену», «Сыйланбаған сезім», «Супер келін», «Әй, қыздар-ай», «Сыған серенадасы» секілді өзге де спектакльдердегі басты және қосалқы рөлдерді тапқырлықпен сомдап шыққан шеберлігі үшін берілді. «АЖ» тілшісі театр әлемін бағындыра білген дарынды актрисамен жақынырақ танысуға тырысты.

«ӨНЕР ЖОЛЫНА КЕЗДЕЙСОҚ КЕЛІППІН»

- Гауһар, әуелі өзіңіздің туып өскен жеріңізді білсек...

- Мен Атырау облысы, Индер ауданы, Елтай ауылында 1978 жылы 16-желтоқсанда дүниеге келгенмін.

- Өнер жолына қалай келдіңіз?

- Атам Мақажан Қабиев деген кісі. Өзі журналист әрі редакторлық қызмет еткен. Индер, Қызылқоға, Махамбет аудандарының газеттерінде қаламының ізі қалған. Мен де атам секілді журналист болатын шығармын деп ойлайтынмын. Өзім де мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәніне жақын едім. Мектепті 1995 жылы бітірісіммен, журналистика факультетіне түсемін деген оймен Алматыға баруға дайындалдым. Дәл осы кезде Атырауда театр жанынан өнерлі жастарды қабылдайтын студия ашылған болатын. Аудандық мәдениет басқармасының жолдамасымен сол студияға қабылдандым. Жан-жақтан жиналған 12 баланың ішінен бесеуі іріктелді. Сол бесеудің біреуі менмін. Онда театр директоры әрі бас режиссері марқұм Шопан Кәрібаев ағамыз еді.

Негізінен, әкемнің де, шешемнің де жағынан өнерге жақын ешкім жоқ. Өзім де актриса боламын, театр сахнасында өнер көрсетсем екен деп ешуақытта армандамаппын. Бұл жайында ойланып та көрмеппін. Былай қарағанда, өнер жолына кездейсоқ келіппін. Театрға келмей тұрып, спектакль дегенді де көрген емеспін ғой.

- Сіздің кәсібилігіңізге қарап, актерлік мамандықты оқымаған дегенге ешкім сенбейтін болар...

- Менің дипломымның жоқтығын естіген кісіге ұят. Басында біреулер соны бетіме баса ма деп өзімді алғашында ыңғайсыз сезіндім. Сол сәттерде осы сөзді айтқызбас үшін басқа мамандыққа кетсем бе екен деп жүргенімде, марқұм актер Төлеген Қуанышев ағамыз мені өз қамқорлығына алып, өнерге баулыды. Мен сол кісінің шәкіртімін. Қай қызметте болса да, адамның іске мығым екенін және ептілігін көрген кісі оған іш тартып тұрады, жылы қарайды. Төлеген аға дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп, ұрысып та еркелетіп те айтатын. Кейін 1999 жылы тұрмыс құрып, 2000 жылы Мәлика есімді қызым дүниеге келді. Ал Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжінде актерлік оқу бөлімі ашылғанда, соған біразымыз құжат тапсырдық. Кейін ол оқуды әрі қарай жалғастыра алмадым. Жақында колледж директоры Гүлнәр Манапқызы Сәдуақасова оқуымды жалғастыруға ұсыныс жасағасын, қайтадан құжат тапсырдым.   

- Дипломсыз актрисаның өнерін әріптестеріңіз қалай бағалайды?

- Қарап тұрсам, театрда менің бір өзімнің ғана дипломым жоқ екен. Алматыдан, Астанадан оқуды бітіріп келген әртістердің ойынына қарай отырып, өзіммен салыстырамын, ойындарын талдаймын. Өзімді шығармашылық жолда өсуім үшін қайрап, қамшылап отырамын. Одан бөлек, спектакльдер жазылған дискілерді сатып аламын, рухани азық болар қосымша материалдармен танысуға тырысамын. Екі жыл бұрын Ресейдің өнер ордасы саналған Санкт-Петербург қаласына бардым. Ол жақтың театрларымен әдейі таныстым. Бір қаланың өзінде жекеменшік театрлар көп екен. Ең үлкен Александринский театрына да бас сұқтым. Аузымды ашып, көзімді жұмып қайттым. Онда спектакльдер билетінің құны 5000 теңгеге дейін барады екен онда. Сол бағамен кірдім. Бір айтатыны, ол жақта билет құны қанша қымбат тұрса да, театр залдары лық толы тұрады. Кейде билеттің өзі таптырмайды.

- Ал біздегі көрермен мәдениетімен салыстырғанда қалай екен онда?    

- Ондағы көрермен мәдениеті өте жоғары. Біздің өңірмен салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей. Ол жақта спектакль басталып кетті ме, бітті, зал есігі тарс жабылады. Спектакль аяғына дейін біткенше ешкім сыртқа шықпайды. Және, спектакль жүріп жатқанда ешкім де қол соқпайды. Әйтпесе, актердің ойын бөліп жіберуі мүмкін.

«РӨЛСІЗ ҚАЛҒАННАН ҚҰДАЙ САҚТАСЫН!»

- Өзіңізге қандай мінезді кейіпкерлер ұнайды? Қандай рөл жаныңызға жақын?

- Маған жаттанды рөлден гөрі, қимыл-әрекеттерге толы, көрерменді бірде жылатып, бірде күлдіріп отыратын, өзіңе де құбылмалы көңіл-күй сыйлайтын рөлдер ұнайды. Жұмсақ мінезді, бірқалыпты, жаттандылықтан қашқым келеді. Мәселен, «Итальянша үйлену» спектакліндегі басты кейіпкер Филумена Мартураноның рөлі секілді рөлдерге шөлдеп қалыппын. Өкінішке орай, ол спектакль сахнадан бір-ақ рет көрсетілді. Алматыдан оқу бітіріп келген жас режиссер Ақылбек Шалжановтың дипломдық жұмысы еді бұл. Дәл қазір ол спектакль тоқтап тұр.  Бірақ, жақын арада қайтадан көрермен назарына ұсынылып та қалуы мүмкін. Жалпы, сол Филуменаның рөлі өзімнің әртістік қабілетімді басқа қырынан тануға, мүлде бөлек, жаңа образда көрінуіме көп септігін тигізді. Ал «Әй, қыздар-ай» комедиялық спектакліндегі рөл - алғашқы комедиялық рөлім. Одан кейін «Супер келін» спектаклінде ененің оң қолы саналған жағымпаз келіннің рөлін сомдадым.

- Қазір қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді?

- Әрине, менің ойымда жүрген рөлдер көп. Соның ішінде классикалық образдың жөні бөлек қой. «Қарагөз» спектаклінде мен Қарагөздің жеңгесі Ақбаланың рөлін сомдадым. Онда менің көрінетін үш-ақ сахнам бар. Бірақ, сол спектакльдің ішіне кіріп, қызығып кеткенім сондай, Қарагөздің сөзінің бәрін жаттап алғанмын. Тіпті мизансценасына дейін білемін. Басында Қарагөзді Ақназкен Байжан ойнады. Кейін Гүлнұр Қайырлиева, жақында Шынар Рамазанова сомдады. Сонда оларды сол рөлге дайындап жүргенімде, бұл рөлдің маған ертерек берілмегеніне өкіндім. Бірақ, қазір енді кеш қой. Көп рөлдердің қасында бір классикада басты рөл ойнағанға не жетсін? Біз жап-жас кезімізде театр ұзақ жыл күрделі жөндеуден өтті. Режиссер де болған жоқ. Жалғыз сол «Махаббат пен кесапат», «Сыған серенадасы», «Махамбеттің бір түні» деген спектакльдер болды. Қазір қатар уақытта дайындалып жатқан спектакльдердің бәрінде де қандай да бір рөл ойнағың келеді.  Рөлдерді бере берсе екен деймін. Рухани аштық бар. Рөл ойнағым келіп, қомағайланып тұрамын. Рөлсіз қалғаннан Құдай сақтасын! Онда керегің жоқ деген сөз ғой бұл.

«ПӘТЕР ЖАЛДАП ЖҮРГЕН АКТРИСАЛАРДЫҢ БІРІМІН»

- Қызыңыз актриса болам десе қалай қарайсыз?

- Мен оған мүлдем қарсымын. Оны ағылшын тілі және бейнелеу үйірмесіне бердім. Ағылшын тілін білсең, шетелге шығасың деп қызықтырамын. Өзі дизайнер болғысы келеді.

- Актерлардың ішінде пәтерсіз жүргендері көп пе?

- Әрине, жастардың барлығы дерлік пәтерсіз жүр ғой. Өзім де сол жағдайды бастан кешіп жүргендердің бірімін. Алатын жалақым жалдап тұрып жатқан пәтеріме кетеді. Әртістердің бұл жағдайын әкімшілік те, мәдениет басқармасы да біліп отыр.  Бұйырса, пәтер де беріліп қалар.

- Ал егер де бір жекеменшік театр жалақысы жоғары жұмысқа шақырып жатса сізді, жұмыс орыныңызды ауыстырар ма едіңіз?

- Жоқ, мен бұл театрды ештеңеге айырбастамас едім. Бірақ, кейде материалдық қиындықтарға тап болғанда, әртістер болып жиналып,  өзіміз жертөледен театр ашайық деп әзіл қосып айтып қоямыз. Бірақ, енді біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді дегендей... өз күшімізбен театр ашу деген болмайтын нәрсе ғой... Қазір бізден де қиын жағдайда жүргендер бар. Біз оларға қарағанда шүкірміз-ау... Осылайша, өмірде де, өнерде де ойнап жүрміз. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Cұхбаттасқан Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суреттер актрисаның жеке мұрағатынан алынды

7 сәуір 2011, 16:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.