20 мамырда «Қазақтелеком» АҚ 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап бағаның көтерілетінін хабарлады.
Көтерілетін қызмет тізбесіне 51 тарифтік жоспар кіреді, оның ішінде үй және мобильді интернет бар.
Соңғы күндері Атырау облысындағы, оның ішінде Атырауда интернет сапасының нашарлығын ескерсек, компанияның мұндай күтпеген шешімі әлеуметтік желіде жағымсыз реакция тудырды. Көпшілігі әлеуметтік желі қолданушыларының бірінің интернет төлемдері үшін бір айға бойкот жариялау туралы пікірін мақұлдады.
Ал, баға көтерілгеннен кейін ең төменгі жаңа баға 5 999 теңге, ең жоғарысы 10 999 теңге болады. Айтпақшы, бұған дейінгі баға жыл басында өскен еді.
Әзірге компания әлеуметтік желідегі интернетке қатысты барлық жағымсыз жазбаларға: «қаланы, жеке шот немесе ЖСН мәліметтерін жазыңыз, содан соң хабарласамыз» деген бірдей жауап береді. Содан соң, әдетте, сапаның нашарлығына қарамастан, ешқандай проблема табылмады деп жауап береді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА