Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы жетінші күнге созылған наразылық тарқаған жоқ. Тараптар келісімге келе алмады.
Дегенмен, билік пен қала тұрғындарының қойып отырғаны шарты екі түрлі. Адамдардың алағда жүргеніне жеті күн болды, олар физикалық және эмоционалды түрде шаршаған.
Кеше, 20 мамыр күні аудандық әкімдік алдындағы алаңға наразылыққа шыққан бір әйел адам өзін нашар сезініп, жедел жәрдем шақырған. Алайда медиктер оған бірден көмек көрсете алмаған, алаңды қоршап тұрған полиция бірден жібермеген. Қазіргі уақытта қан қысымы көтерілген әйел ауруханаға түскен.
Ал бұл уақытта әлі әкімдік алдында тұрған құлсарылықтарға аудан прокуроры Асхат ҚАСЫМОВ пен аудан әкімінің орынбасары Гулнафис АЙШУАҚОВА келіп, наразы топтарды сабырға шақырып, тарауға көндірмек болған. Себебі, наразылық танытқандардың үйінің бағалау қорытындысы шықпаған. - Бүгін 21 мамыр. Түнгі 2-ден бастап таңға дейін күркіреген жаңбыр жауды. Әкімдіктен таңда келіп "тараңыздар, күркелеріңді жинаңыздар" деп айтты. Біз өз талаптарымыз оралмайынша кетпейтінімізді мәлімдедік,-дейді наразы топтың бірі. Наразылық білдірушілер үйдің шаршы метріне күрделі жөндкуге 200, ал апатты үйлер үшін 400 мың төлеу қажеттігін талап етіп қойып отыр. Қазіргі уақытта Махамбет даңғылының аудан әкімі ғимараты орналасқан бөлігі жабық. Айналаны полиция торуылдап тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Видео мен суреттерді тұрғындар жолдады