Атырауда су басқан жағдайда электр станциялары күшейтілген режимде жұмыс жасайды, деп хабарлайды Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.
Қазіргі уақытта Атырау қаласы бойынша қауіпті учаскелерде орналасқан электр бекеттері және әлеуметтік маңызы бар нысандардағы электр стансалары толықтай қоршалып тұр.
«Атырау қаласы бойынша су басу қауіпі жоғары «қызыл аймақтарда» 5 қосалқы электр бекеті тұр. Аталған бекеттерді судан қорғау мақсатында құм толы қаптармен қоршау жасалды. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар объектілердегі электр бекеттері қоршалды. Су тасқынына қарсы барлық іс-шаралар аяқталды. Су басқан жағдайда мамандарымыз күшейтілген режимдегі жұмысқа көшеді” дейді “Атырау Жарық” АҚ қалалық электр жүйелерінің бас инженері Тлеужан Меңдалиев.