«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы М.Мырзағалиев Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасы бойынша кеңес өткізді. 2023-2024 жылдар аралығында жобаны орындауға 68 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚМГ баспасөз қызметі.
Жиынға Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Килыбай, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директоры Рахым Өтеев, «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Нұржан Әбдірахманов, мұнай және газ өндіру департаментінің директоры Ержан Абылханов қатысты.
ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) 2023 жылы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасына кірісті.
Оңалту аясында 2024 жылдың ақпан айында қосымша 23 ұңғыма пайдалануға берілді. Бұған дейін қабаттың гидравликалық жарылуы, суасты электроцентрифугалық бұрандалы сорғылардың (УЭЦН) заманауи қондырғыларын түсіру бойынша іс-шаралар жүргізілген болатын. Кәсіпорынның 100-ден астам ұңғымасында жаңа заманауи жабдықтар орнатылған.
Одан бөлек, биыл қосымша 31 жаңа ұңғыманы бұрғылау, 200-ден астам суасты электроцентрифугалық бұрандалы сорғыларды түсіру, қапталған сорғы-компрессорлық құбырларды пайдалану, ұңғымаларды күрделі жөндеу, мұнай беруді арттыру бойынша жаңа технологияларды қолдану, сондай-ақ жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехын және екі блокты топтық сорғы станциясын (БКНС) жаңғырту жоспарланған (2025 жылы толық аяқтау).
М. Мырзағалиев «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығына оңалту жобасы бойынша жоспарланған іс-шаралар мен мұнай өндірудің жоспарлы көрсеткіштерінің, сондай-ақ 2024 жылға арналған өндірістік бағдарламаның орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«2023 жылы оңалту жобасына 17 млрд, ал биыл 51 млрд инвестиция салынды. 2024 жылы жоба бойынша барлық жоспарланған іс-шараларды орындап, жаңа ұңғымалардың, суасты электроцентрифугалық бұрандалы сорғылардың және қапталған сорғы-компрессорлық құбырлардың уақтылы өндіріске енгізілуіне ерекше назар аудару қажет», - деп атап өтті М. Мырзағалиев.
Кен орындарын оңалту жөніндегі іс-шаралар «Өзенмұнайгаздың» мұнай өндіру көлемін бірнеше жыл ішінде кезең-кезеңімен жылына ~5,2-5,5 млн тоннаға дейін арттыруға ықпал етеді деп болжануда. Оңалту жобасы бойынша ӨМГ 2024 жылы қосымша 136 мың тонна мұнай өндіруі қажет. Түпкі мақсат – 2023 жылдан 2036 жылға дейін қосымша 19 млн тонна мұнай өндіру.
Оңалту жобасы ұңғымалардың жөндеу аралық кезеңін ұлғайтуға, кәсіпорын экономикасын жақсартуға және өндіру деңгейінің күрт төмендеуін болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл жобасыз «Өзенмұнайгаздың» мұнайды тиімді өндіру кезеңі таяу жылдары аяқталуы мүмкін, бұған өндіріс көлемінің жыл сайын төмендеуі (соңғы 15 жылда 25%-ға), жерүсті инфрақұрылымының тозуы, өндіріс деңгейін ұстап тұруға жұмсалатын шығындардың өсуі, сондай-ақ жұмысшылар санының артуы себеп.