14 мамыр, сағат түнгі 01:20 шамасында Сарайшық ауылында бұрынғы жер асты құбыры болған орын жарылып, салдарынан бөгеттен су кету дерегі орын алды, деп хабарлайды Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.
Археологиялық қазба орнына жақын жердегі бөгет астынан бұрынғы жер асты құбыры болған орын жарылған. Бөгет бойында түнгі кезекшілікте жүрген азаматтар ауылға төнген қауіп жөнінде дабыл қақты. Оқиға орнына Махамбет ауданы әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ та келді.
Шұғыл түрде 11 техника мен жергілікті азаматтар жұмылдырылып, бөгет жанына құм төгіліп, ағын суға тосқауыл қойылды. Шұғыл атқарылған шаралар нәтижесінде ауылға су кірген жоқ. Қазіргі уақытта қосымша бөгет соғылып жатыр.
Айта кетейік, Сарайшық ауылдық округіндегі бөгеттің ұзындығы 13,6 шақырым. Оның ішінде бөгеттің 5,4 шақырымы қайта жаңғыртылған қолданыстағы ескі дамбы. 8,2 шақырым бөгет жаңадан соғылды.
Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылында 506 үй, 2972 тұрғын бар.