Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінің штаб басшысының орынбасары Виталий Минзарьдің айтуынша, Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұлан гвардиясынан келген әскерилер Атырау қаласындағы тасқынмен күрес жұмыстарына жұмылдырылады, деп хабарлайды Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.
«Тасқын қауіпі күшейіп, қажеттілік болған жағдайда әскерилер Махамбет ауданына және су басу қауіпі жоғары елдімекендерге жіберілетін болады» деді спикер Виталий Минзарь.
Айта кету керек, Атырау облысы бойынша тасқынмен күрес шараларына әскерилер, ТЖД күштері, полиция, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және еріктілерді қоса алғанда 5430 адам жұмылдырылып отыр.
Оның ішінде, ТЖД күштерінен 898, Қорғаныс министрлігінен 1468, Ұлттық Ұлан гвардиясынан 285, ҰҚК Шекара қызметінен 45 сарбаз, 511 полиция қызметкері Атырау қаласында, Индер, Махамбет, Құрманғазы аудандарында тасқынға қарсы күрес шараларына және Жылыой ауданында тасқыннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына тартылуда. Сонымен бірге, Атырау облысы бойынша тасқынмен күреске 548 арнайы техника, 132 су сору құрылғысы, 31 қайық, 3 тікұшақ жұмылдырылып отыр.