Өр суы Талдыкөл ауылына кіреберіс жолға шығып, жол учаскесін су басу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы.
Махамбет ауданының Талдыкөл ауылына кірме жолды су басу қаупіне байланысты халықты алдын ала эвакуациялау басталды.
Бірінші кезекте эвакуацияланатын тұрғындар санатына жүкті әйелдер, балалар мен қарттар жатады. Ауыр науқастар Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген алгоритм бойынша эвакуацияланады.
Тұрғындар үшін Атырау қаласында - APEC жоғары колледжінде және "Dana" қонақ үйінде эвакуациялық пункттер дайындалды.
Махамбет ауданының әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВТЫҢ айтуынша, қазіргі уақытта су Талдыкөл ауылына кіретін жолдың екі бөлігін де шайып жатыр. Қорғаныс бөгеттерін нығайту және суды өткізу үшін құбырларды орнату жұмыстары жүргізілуде.
⁃ Біз ауылдың айналасындағы бөгеттер суды ұстап, елді мекеннің су басуына жол бермейтініне сенімдіміз. Алайда, Талдыкөл ауылына апаратын жол қауіп туғызып тұр, біз тұрғындардың облыс орталығынан бөлініп қалуына жол бермеуіміз керек, - деді Қайрат Нұрлыбаев.
Айта кетейік, Талдыкөл ауылында 1,5 мыңға жуық тұрғын тұрады. Талдыкөл ауылына кіреберіс жолдың ұзындығы 7 шақырымды құрайды.