11 мамырда Махамбет ауданы Бейбарыс ауылы округі тұсынан ТШО мекемесі салған бөгеттерді тексеру барысында сол маңда орналасқан шаруа қожалығы бөгетті рұқсатсыз тесіп, суару құбырын өткізіп алғаны анықталды.
Бұл туралы Атырау қаласы әкімдігі хабарлады.
Айта кету керек, өңірде Жайық жағасына және одан таралатын өзектердің бойына жасалған барлық бөгеттер қатаң бақылауға алынған.
- Бейбарыс округі тұсындағы бөгетке жақын орналасқан «Ерлан» шаруа қожалығы егініне су алу үшін бөгетті өз еркімен тесіп, құбыр өткізіп, сораппен су алып жатқаны анықталды. Су алу кезінде бөгет астындағы су кұбыры тесіліп, бөгетке зиян келтірілген. Құқық бұзушылық жасаған кәсіпкерге Әкімшілік Кодекстің 505-бабына сәйкес хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен бірге шаруа қожалығы иесі келтірген зардапты өзі толықтай қалпына келтірді, - деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ