Бірнеше сағат жауған жаңбыр атыраулықтарға үлкен қолайсыздық әкелді. Толассыз жауған жауын салдарынан қаланың кейбір аудандарында көшелер мен аулаларды су басты.
Тұйық көшелер мен өткелдерді, сондай-ақ қаланың орталық бөлігі суға кетті. Алмагүл ықшамауданында подъездер суға толды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штабтың мәліметінше, қазір жаңбыр суын сору жұмыстары жүргізілуде. Тартылған техника мен қызметкерлер бір уақытта бүкіл аумақты қамти алмайтындықтан, жұмыстар кезеңмен орындалады
– Жұмысқа 23 бірлік вакуум машиналар жұмылдырылды. Қазіргі таңда «Арнаулы автобаза» мекемесі арнайы техниканың қатарын толықтыруда. Жұмысты тәулік бойы жүргізу жоспарланып отыр, - деп хабарлады қала әкімдігі.
- Тұрғындардың өтініштері 109 бірыңғай байланыс нөмірі және Атырау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы қабылданады, - деп хабарлады штаб.
Айнұр САПАРОВА
Автор түсірген және әлеуметтік желілерден алынған бейнежазбалар