Атырау облысының Құлсары қаласында 100-ден астам жеке тұрғын үй мен 10 бизнес нысаны су астында қалып отыр. Айта кетейік, өткен аптада ҚР ТЖМ құтқарушылар күштерінің топтары 2815 үйден суды бұрып, құрғату жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Өңірдің эвакуациялық пункттерінде 769 адам бар, олардың 430-ы бала. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 7 сәуірінен бастап облыста жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимі сақталуда. Жайық өзеніндегі су деңгейі артып келеді. Төмендеу байқалмайды.
Өңірде жүргізіліп жатқан авариялық-құтқару жұмыстары туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан АМАНБАЕВ айтып берді.
Сонымен қатар Құлсары қаласында екінші тәулік бойы ТЖМ ақтөбелік әскери қызметшілері қоғамдық пайдалану орындарын дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ауру тудыратын микроорганизмдер мен олардың токсиндерінің таралуын болдырмау үшін 20982 әскери бөлімінің радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау ротасының жиынтық құтқару тобы жұмыс істеп жатыр.