Атырау, 25 желтоқсан 06:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Инаматты қолдаған ерекше концерт

4 055 просмотра

«Біздің осындай үлкен істі қолға алып, Инамат үшін концерт өткізіп, ақша жинайтындығымызға ешкім де сенбеген еді», - дейді  Атырау Мұнай және газ институтының студенті Дархан ЖАНШИН.

- Сенбеген кім, достарың ба?

- Жоға, олар керісінше сенді.

Жалпы, оның не айтқысы келгені түсінікті еді. Жұртшылық санасында түрлі шараларды ұйымдастырушы – ересек ағайлар мен апайлар, мәдениет қызметкерлері болады деген түсінік қалыптасқан. Ал жап-жас, өрімдей бозбалалар мен бойжеткендер келіп, біз драма театрдан концерт ұйымдастырғымыз келеді десе ше?! Бірақ адамдар бұл концерттің не үшін қажет екендігін білгеннен кейін, артық сұрақ қойылмайды да.

Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрында өзгеше концерт болып өтті. Оны жастар ұйымдастырды. Сахна төрінде жас бишілер мен әншілер – студенттер мен мектеп оқушылары өнер көрсетті. Ал сатылған билеттен түскен ақшаны балалар лейкемиямен сырқаттанған бүлдіршін Инамат Нұғмановтың есеп-шотына аударды.

ХИМИЯЛЫҚ ТЕРАПИЯ КУРСТАРЫН АЛУДА

Бүгінде Инамат анасы Айнұрмен бірге Алматыда емделуде. Ол химиялық терапияның кезекті курсын аяқтап қалған. Содан кейін оңалту үшін олар Астанаға бармақшы. Отбасының Алматыда туысқандары жоқ, сондықтан да олар үшін жерлестерінің қолдауы өте маңызды. «Емдеу курстарының бірінде Инаматтың ағзасына инфекция түсіп, соның салдарынан ол 9 айдан бері жүре алмай қалды. Жілік майын ауыстыру, сауығып кету туралы арманымыз кейінге қалды. Өте белсенді, ширақ бала үшін бұл зор қайғы. Оның үстіне ол алып жатқан гормондар мөлшерінің көптігі жүйкесіне әсер етеді. Қазіргі кезде ол үшін бастысы аяғынан тұру. Инфекция салдарынан іріңді ісік түзіліп, шыдатпай ауырып, жүруіне мүмкіндік бермей отыр», - деп әңгімелейді анасы. Операцияны Инамат өз аяғымен жүріп, өз өзіне әлі келетін уақытта жасауға болады. Жілік майын ауыстырғаннан кейін пациент стерильденген блокта болуы тиіс, ол жерге ешкімді кіргізбейді.

«МОРАЛЬДЫҚ КӨМЕКСІЗ ТӨЗБЕС ЕДІК»

– дейді Айнұр. Инамат жатқан онкологиялық орталықта ешкім де көмектесе алмайтын балалар бар, Айнұр баласы үшін қайғы жұтып, дәрменсіздіктен шарасыз отырған аналарды көрген. Мұндайды Құдайым ешкімнің басына да бермесін. Сондықтан да ол ерекше сезіммен алғыс білдіреді. Жерлестері жинап берген ақшаға олар Германиядан кеңес алу үшін профессор шақырған, Минскіге үйлесімділікті анықтау үшін - туысқандарының ішінде Инаматқа кімнің донор бола алатындығын білу үшін өз анализдерін жіберген. Оған үлкен әпкесінің жілік майын салуға болады екен. «Мұның бәрі - қайырымды жандардың арқасы. Мен ауыр науқасты бастан өткерген жерлесіміз Ерланмен, осы науқастан көз жұмған атыраулық қыз баланың туысқандарымен үнемі хабарласып тұрамын, - дейді Айнұр. – Бізге онкологиялық орталыққа Атырау мұнай және газ институтының студенті әрі достарымен осы концертті ұйымдастырған Дархан Жаншин келіп кетті».

ҮМІТ ОТЫ

Дархан Инаматтың науқасы туралы «Горпарктағы» хабарландырудан білген: онда жілік майын ауыстыру үшін операция жасайтын қаржыға мұқтаж бүлдіршін туралы айтылған еді. Ол барлық таныстары мен таныстарының таныстарына, мекемелерге хат таратқан. Кейбір хаттары жауапсыз қалған. Мекемелердегілер дәл қазіргі уақытта еш нәрсемен көмектесе алмайтынын айтып, жауап берген. Алайда адамдардың көпшілігі үн қосыпты. Олардың ішінде өздерінің әкімшіліктеріне қарамастан, ақша жинаған түрлі мұнай компанияларының қызметкерлері де бар. Жігерленген жастар Мұнай және газ институтында концерт ұйымдастырыпты. Азғана болса да ақша жинаған. Сол кезде адамдарды көптеп тарту идеясы туындаған. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бақыт Иманғалиев жастарға өздеріне қолайлы күні театрдың сахнасын тегін ұсынған. Ал Мұнай және газ институты дайындық жасау үшін залын бөліп беріп, жарнама қағаздар мен билеттерді басып беруге көмектескен. Жарнама қағазда Инаматтың суреті: адам ба, әлде киборг па, әйтеуір ертегі кейіпкері басылған, бірақ оның өте күшті екені көрініп тұр. Бүлдіршін өзін осылай сезінеді. Ал оны ауруханада Дархан мынадай кейіпте көрген: «Онкология дәлізі у-шу боп жатты, балалар көп екен, біреулері жылап, біреулері әлдене деп сөйлеп жүр... Инаматтың палатасында тыныштық орнаған. Мен жасына қарамай ерте есейген адамды көрдім. Біз екеуміз ұзақ сөйлестік. Көбінесе мен сөйледім, ал ол өмір сүруге үміттену керек деген сөздеріммен үнсіз ғана келісіп жатты. Ол сенбеді... Сол кезде оған менің көзіме қарауын өтіндім. Өзім үшін ол өмір сүретін болады деп шештім, оған солай деп уәде бердім! Сол кезде ол алғаш рет маған күлімсіреді. Сонда ғана одан жүргісі келетін, ойнағысы келетін, өмір сүргісі келетін қарапайым бүлдіршінді көрдім...»

САХНА МЕН ЗАЛДЫҢ БІРЛІГІ

10 жастағы бүлдіршіннің осындай арманын жүзеге асыру үшін драма театрына көрермендер де, өнер көрсетушілер де жиналды. Жас бишілерді, әншілерді, КВН-шыларды кәсіби әртістер деп атауға келмейді, алайда олардың өнерлері әсерлі болды. Зал ішінде олардың құрдастары, ата-аналары, тіпті атайлар мен әжейлер де отырды. Келесі күні Инаматтың есеп-шотына 605 мың 300 теңге аударылды. «575 мың теңге сатылған билеттерден түсті, 30 мың 300 теңге жәрдем қаржы жинау үшін қойылған қорапшадан жиналды», - деп нақтылады жастар. Қаржы жинауға олардың жауапкершілікпен қарағандары көрініп тұр.

«Бұл акция осымен бітпейді, біз науқас балаларға арналған көмек қорын құрғымыз келеді. Рас, оны тіркеу оңай емес деседі. Мен заңгер емеспін, қарапайым ғана студентпін», - дейді Дархан.

Дегенмен, бұл маңызды емес. Енді Дархан мен оның достары олардың жас ерекшеліктері мен мәртебелері ешқандай рөл ойнамайтынын нақты біледі. Науқас балалар туралы әңгіме қозғалса, бәрі де көмек қолын созғысы келеді, бастысы балаларды құтқаруға болатындығына сену керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА  

6 сәуір 2011, 21:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.