Су тасқыны салдарынан өлген мал өлекселерін аудандық жедел штабтың ұйымдастыруымен жинау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ауданнан құрылған комиссияның мәліметіне сәйкес барлығы 250 үй жануары өлгені анықталды. Оның ішінде мүйізді ірі қара - 129, ұсақ мал - 47, жылқы - 73, түйе - 1.
Мал өлексесін жою биологиялық қалдықтарды жою қағидаларына сәйкес жер траншеяларында (шұңқырларда) өртеу жолымен жүргізіліп жатыр.
Өлекселерді жинау және жою жұмыстарына аудандық ветеринариялық стансия мамандары мен әр ауылдық округтің әкімдері, шаруа қожалық иелері жұмылды.
Күні бүгінге дейін аудан бойынша 98 бас мүйізді ірі қара, 39 ұсақ мал, 44 жылқы, 1 түйе өлекселері жойылды.
Еске сала кетейік, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес жұқпалы ауру болдырмау және ауыз су тұтыну жағдайындағы ескертпе хабарланды. Соған сәйкес су басқан жерлерде ішек аурулары тіркелген жоқ. Аталмыш жұмыстар әлі де жалғасын табады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА