Арменияда Әзірбайжанмен шекараны келіссөз арқылы шегендеуге қарсылық білдірушілер Иранға апаратын тас жолды жауып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 168.AM басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде жарияланған кадрлардан биліктің әрекетіне наразы Армения тұрғындары тракторлармен жолды жауып жатқанын байқауға болады. Ереваннан шамамен 130 шақырым жердегі Ехегнадзор қаласындағы жол жабылды.
19 сәуірде Армения Тавуш аймағындағы екі ауылды Әзірбайжанға бергені белгілі болды. Бұл туралы ақпарат республика премьер-министрі Никол Пашинянның кеңсесінде расталды. Бұл хабарлар облыс тұрғындарының наразылығын тудырды.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Армения мен Әзірбайжан арасындағы барлық даулы мәселелер бейбіт жолмен шешілетінін мәлімдеді.