Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен героин мен апиын сатушы үш адамға қатысты қылмыстық іс аяқталды.
Қылмыстық үштікке ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1,3-тармағының 3-бөлігі («Алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз алу, сақтау, өткізу, тасымалдау») бойынша айып тағылды. Қылмыстық іс сотталушылардың өтініші бойынша алқабилердің қатысуымен қаралды.
Іс материалдарына сүйенсек, 2023 жылғы 1 сәуірде сотталушылар сату мақсатында Өзбекстаннан Атырау қаласына аса ірі мөлшерде «героин» есірткі затын тасымалдаған. Есірткі затын жалға алынған пәтерде сақтаған. Кейін сотталушылардың есірткі затын заңсыз өткізуді жасырып кету арқылы жүзеге асырғаны белгілі болды.
"Жалға алынған пәтерді тінту барысында сотталушылардан аса ірі мөлшерде «героин» және аз мөлшерде «апиын» табылып, тәркіленді", - деп хабарлайды Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сайты.
Сотталушылардың кінәсі куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, фотосуреттермен, ұялы телефонмен сөйлесу әңгімелерімен және заттай дәлелдемелермен өз дәлелін тапты. Алайда, сотталушылар кінәсін толығымен мойындамай, өздерін ақтауды сұрады. Прокурор сотталушыларға 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.
Нәтижесінде алқабилердің шешімімен сотталушылардың үшеуі де кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА