23 сәуірде қала іргесіндегі Сарыөзек елді мекеніндегі саяжай массивінің бір топ тұрғыны облыс әкімдігінің ғимаратының алдына жиналды. Тұрғындар Сарыөзектегі жағалау бекіту жұмыстарына көңілдері толмайтынын жеткізді.
Сарыөзек каналы Жайық өзенінен бастау алып, Каспий теңізіне құятыны белгілі. Атырауда осындай бірнеше канал бар.
Жергілікті тұрғын Айман ҚҰСПАНОВАНЫҢ айтуынша, саяжайда 150-ден астам отбасы, яғни 700-ге жуық тұрғын тұрады. Сарыөзек тұрғындары қаптарды топырақпен толтырғанымен, техника мен жұмыс күші болмаған соң бөгет тұрғыза алмай отырмыз дейді.
– Осы мәселе бойынша әкімдікке талай рет келіп, көмек сұрадық. Бірақ бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан, тағы да әкімдікке, штабқа келдік. Каналдан қоршауға көмектесу үшін техника мен адамдар сұраймыз, – дейді Сарыөзек тұрғыны Руслан ДОСЫБАЕВ.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВТІҢ айтуынша, қазір жұмыстар жүргізілуде және Атырау облысындағы жағалау бекіту жұмыстарының 90 пайызға жуығы орындалған.
– Елді мекендерде осылай алаңдап отырған тұрғындар көп. Сарыөзектің қала жағындағы жағалаулар бекітілді, қаладағы жұмыстар аяқталғаннан кейін саяжайларда бөгеттер салынады. Бұл жерде жұмысты екі күнде аяқтау жоспарлануда, осылайша ауылдың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, – деді Ж.Бисембиев.
«Қазгидромет» мәліметіне сілтеме жасаған облыс әкімінің орынбасары қазір Жайық өзенінің деңгейі 418 см екенін атап өтті. Көктемгі су тасқыны басталғанда су деңгейі екі метрге көтерілген.
– Бізге рекордтық деңгейде су келеді деп болжанып отыр. Ең жоғары көрсеткіш 1994 жылы 601 см көлемінде тіркелді. Қазір ғалымдардың мәліметінше, сол деңгейден кем түспейтін су келе жатыр деп болжанып отыр, - дейді Бисембиев.
Оның айтуынша, су қаланың солтүстік бөлігіндегі екі канал: Соколок және Сарыөзек каналдары арқылы ағып кетеді. Айтпақшы, Атырау облысында Махамбет пен Индер аудандарын қосқанда он канал бар. Сондай-ақ Исатай ауданында да Жайық өзенінен бастау алатын Бақсай және Нарын каналдары болғандықтан су басу қаупі бар.
Тұщықұдық, Жанбай, Қамысқала ауылдық округтерінде бөгеттер салынған. Ресми ақпаратқа сәйкес, еріктілердің көмегімен 296 100-ге жуық қапшыққа топырақ салынып, қаланған, жағалауды бекіту жұмыстарына 1128 адам жұмылған.
Айнұр САПАРОВА
Автордың, Сарыөзек саяжай алабының тұрғындары жолдаған суреттер мен бейнежазба