Атырау, 7 қараша 15:37
 қар жаууы ықтималВ Атырау +3
$ 492.14
€ 528.85
₽ 5.01

Соғыс ардагері үй сұрайды

9 283 просмотра

Махамбет селосының байырғы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Сембай ИСАҒАЛИЕВ баспана мәселесін бірнеше жылдан бері шеше алмай келеді.

Бұдан жетпіс жыл бұрын Ұлы Отан соғысында қан кешкен ардагер өмірдің бірталай ауыртпалығын бастан кешкені анық. Басқаны былай қойғанда, елі үшін соғыстың орны бір басқа. Қаншама жан жолдастарынан айырылып, жүрегі жаралы күйде туған жерге оралған олар қираған шаруашылықты қалпына келтіру ісінде жан аямай еңбек еткен‑тұғын. Бір ғажабы, Сембай қарт соғысқа қатыстым деп кеуде соғып, осы кезге дейін үкіметтен көмек те сұрап көрген емес. Бірақ уақыттың жетегі кейде адамды тығырыққа тіреп қоятыны жасырын да емес қой. Сембай қарттың талай тағдыр талқысын бастан кешіріп, талай сын тезінен өтсе де сыр білдірмейтіндігінің арқасында оның жайын екінің де біле бермейтіні анық. Бұдан отыз жылдай бұрын жан жарынан айрылса, ал әке атандырған алты баласының үшеуін жер қойнына беруі де оған оңайға түскен жоқ. Ал бұдан сегіз жыл бұрын қос жанары суалып, көрмей қалса да бала‑келін, немересінің арқасында осы жарқын өмірде ғұмыр кешіп жатыр.

Біз соғыс ардагері Сембай қартты Махамбетке іздеп барғанбыз. Бір өкініштісі, ол ауырып ауруханада жатқан болып шықты. Баласы Талғат мән‑жайды өзі баяндап берді.

‑ Әкем соғысқа қатыстым деп үкімет тарапынан берілетін қамқорлықтарға иек артып көрген емес. Бұдан сегіз жыл бұрын машина мінгісі келіп арыз тастаған. Бірақ ол тілегі орындалмағасын артын қазбалаған жоқ. Ал соңғы жылдары баспанамыздың жайы қиындағасын, амал жоқ көмек күткені рас. Өйткені қолындағы баласы менің өзім денсаулығыма байланысты жұмыссыз отырмын. Үш жыл бұрын қарыннан екі рет ауыр ота жасалды. Содан кейін дала кезіп, жұмыс жасау қабілетінен айырылдым. Әрі әкемді бағып қағуға бір кісі керек. Жұбайым бюджеттік салада жұмыс жасайтындықтан еңбекақысы мардымсыз. Отырған үйіміздің жайы қиындағасын әкем амалсыз көмек сұраған болатын,‑дейді Талғат ИСАҒАЛИЕВ.

Сембай қарт пен бала‑келін, немересі тұрып жатқан үй 1957 жылы салынған. Іргетасы жерге кіріп кеткен. Қабырғасы саман тас болғандықтан іргенің бәрі метрге жақын ылғал тартып тұрады екен. Қанша газды өртеп жақса да іргеден келген ызадан үй жылынбайды. Тек қамқор қолға тап болғандықтан үйдің іші‑сырты, ауласы тап‑таза, жөнделген. Бірақ бұл келешекте баспана болып жарытпайтындықтан Сембай қарт жөндеуі келіскен үйді бұдан екі жыл бұрын аудандық әкімшіліктен сұрапты. Ал Талғаттың айтуынша, әкімдік ұсынған үйді көргенде бұлар талып түсе жаздапты, себебі «жаңа» баспананың өзі өмірі жөндеу көрмеген үй болып шығыпты. Оны қалыпқа келтіруге билік уәде бермеген, өздерің жөндеп алыңдар деп сыңай танытқасын бұл баспанадан бас тартқан. Талғат биліктің бір топ хатын ұсынды. Оның бірінде, яғни өткен жылдың 30-сәуірінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Н. Қалиевтен түскен хатта 800 мың теңге ардагердің есепшотына аударылғаны жөнінде айтылған. Ол аудан әкімі аппараты жанынан құрылған жұмысшы тобы ҰОС ардагерлерін аралап, материалдық‑тұрмыстық жағдайларын зерделеп, С. Исағалиевке үй жөндеуін қалыпқа келтіру үшін сегіз жүз мың теңге қажет деп тауыпты. Сонда салынғанына 54 жыл болған баспана жөндеуден кейін қанша жыл тұратындығы зерделенбегені қалай деп таң қаласың. Ақыры қолға тиген қаржыны шашау шығармай, Талғат өзбектерді жалдап, жаңа үйдің іргетасын құяды. Былтыр денсаулығы көтермесе де жалдамалы жұмысшыларға бас болып, қабырғасын қалап төбесін жауып алады. Сонымен үкімет тарапынан берілген азғана ақша жұмсалып кеткен болатын. Ардагердің жаңа үй тұрғызуы билікке жақпай қалды, жөндеуге берген қаржыға үй тұрғыздың деп өкпелі. Оған селолық округ әкімінің хаты куә. Қосымша бес жүз мың теңге сұраған ардагердің арызының аяқсыз қалуы сондықтан.

‑Аудан әкімінен келіп, комиссиямен тексереміз, шыққан шығынды есептеп қой деген. Онысы есептеулі. Ал енді бірде биліктен келгендер ескі үйді бұзып, еденін, төбесіндегі материалды жұмсап бірдеңе етпейсің бе деген. Онсызда шіріп жатқан еден тақтайы кәдеге жарамайды ғой. Бұл үй жылма‑жыл өзіміздің жөндеуіміздің арқасында осындай қалыпта. Бірақ ескі үйдің құрылыс материалдары қажетке жарайды дегендеріне келіспеймін,‑дейді Талғат.

Зағип әкесін ертіп, облыс әкіміне кіріп көмек сұрамақ болғаннан да түк шықпаған. Ал аудандық әкімшіліктегілер әлгідей дейді. Ардагердің алатыны 60 мың теңге, Талғаттың әйелінің алатыны жарытусыз. Тіпті әкесінің зейнетақысы дәрі‑дәрмегіне жұмсалады екен. Қалай еткенде тығырыққа тірелген ардагер отбасын үй қамы қатты қиналдыруда.

‑Былтыр аудан бойынша жиырма бір ардагер болған, соның төртеуі өмірден озып кетті. Жыл санап емес, ай санап  ҰОС ардагерлері саусақпен санарлықтай болып азайып келеді. Негізі ардагерлерге баспана берілсін деп бюджеттен қаражат қаралмаған. Былтыр ұшқыш болған бір ҰОС әйел ардагерге соғыстың аяқталғанын 65 жыл толуына байланысты әупірімдеп үй алып бердік. Сосын жас мамандардың баспана мәселесі шешілді. Жоғарда айттым ғой соғыс ардагерлері азайып барады, көзі тірісінде көмек көрсетіп қалайық деп ойлап жатамыз, бірақ бәрі қаражатқа тіреліп тұр. Ал Сембай қарттың тұрмыс жағдайын тағы да тексереміз, егер де отбасы үй тұрғыза алмайтындай дәрежеде болса онда міндетті түрде осы жыл ішінде көмектесетін боламыз. Ал мүгедектерге берілетін машина осы күні жоқ қой. Қалай еткенде ардагерлер жайы ұдайы назарымызда болатын болады,‑ дейді Махамбет ауданы әкімі Өмірзақ ЗЕЙНУЛЛИН.

Бұған да үміт артып көрейік, шынымен де ҰОС ардагерлер қатары тым сиреп барады емес пе?

Ләззат ҚАРАЖАНОВА      

Сурет Исағалиевтар мұрағатынан

6 сәуір 2011, 21:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.