Атырау, 3 мамыр 23:42
 ашықВ Атырау +10
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Қазақстанда тасқын суын қалай пайдаланады?

493 просмотра

Қазақстанда тасқын суын қалай пайдаланылатыны туралы "Қазсушар" мекемесіндегі мамандар түсіндіріп берді. 

«Қазсушар» мекемесінің Атырау облысы бойынша филиалы Жайық өзені арқылы келетін тасқын суын Каспий теңізіне бағыттау үшін қосымша 14,5 шақырым канал қазып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді. 

Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінен Қамыс-Самар көлдеріне су жібере бастады. Айта кету керек, бұл көлдерге соңғы 20 жылда су бармаған. 

2000 жылдан бері алғаш рет Тобыл өзенінде судың көп келгені байқалды. Тобыл өзені каскадының ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті және 92%-ға толды, бұл осыған дейінгі жылдармен салыстырғанда әлдеқайда артық. Осының арқасында су қоймалары ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады.
 
Астана су қоймасына жиналған су жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, осыған байланысты су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша су жіберуге тура келді. Бұл жұмыс қымбатқа түсті және құны 2 млрд теңгеден асады. 

Ақмола облысындағы «Алва» және «Кеңбидайық»лиманды суару жүйелері 100%-ға толды. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қозыкөш, Мұқыр және Қарасу өзендерінің арналары толық су жинады. Қорғалыжын қорығының Теңіз көліне 1,5 млрд текше метр су жіберілді.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен шамамен 1 текше шақырым су алуға қабілетті Жайық-Көшім суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды.

Қарағанды облысының су қоймалары 100% толды. Мұнда жиналған су жыл бойы аймақ экономикасының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасынан алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне су жіберілді. Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинауы байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына қолайлы әсер етуі тиіс.

Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасына трансшекаралық Іле өзеннен келген су ағыны Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде экологиялық мақсатта су жіберуді қамтамасыз етті.

Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасынан Шу өзеніне экологиялық мақсатта су жіберілді. Бұл су сәуір айының басында Түркістан облысы Созақ ауданына жетті. Тасөткел су қоймасынан су жіберу жұмыстары 1 мамырға дейін жалғасады, осы уақыт ішінде Шу өзені арқылы Созақ ауданына шамамен 1 млн текше метр су түсуі тиіс.

10 сәуірден бастап Ертіс өзенінің су қоймалары каскадынан табиғатты қорғау іс-шараларына су жіберіле бастады. Бұл Павлодар облысының ауыл шаруашылығына қажетті жемшөп базасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су қоймаларынан жалпы көлемі 6,3 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

23 сәуір, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.