Атырау, 19 қараша 16:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Елімізде жүздеген мұнай өндіруші ұңғыма жаппай жабылып жатыр

670 просмотра

Мамандар істен шығатын ұңғымалар, "станок-качалкалар" саны алда мыңға жуықтауы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Республикада қазірдің өзінде 600-ден астам мұнай өндіретін ұңғыма су астында қалып, жұмысын тоқтатқан. Бұл сан алда артуы мүмкін, өйткені еліміздің батыс өңірлерінде тасқын әзірге шырқау шегіне жеткен жоқ.

Ресей жағы бөген-плотиналарынан суды мол көлемде төгіп, төмен қарай жібере бастады. Ресей субъектілерінде қар мен қалың тоңның негізгі бөлігі сәуірдің соңына қарай көбірек ериді.

Энергетика министрлігі су басу жағдайы күрделі өңірлерде кем дегенде 634 ұңғыманың тоқтауы салдарынан Қазақстан мұнай өндірісінің 16 мың тоннасын жоғалтқанын жария етті.

"Тасқын салдарынан елімізде, соның ішінде Ақтөбе және Атырау облыстарының бірқатар мұнай өндіруші кәсіпорындарда бұған дейін 634 ұңғыма жұмысын доғарды. Соның кесірінен елдің мұнай өндірісі саласының жалпы шығыны 16 мың тоннаға жетті. Бүгінде 141 ұңғыманың жұмысы қалпына келтірілді. Бірақ 493 ұңғымада өндіріс сол бойы тоқтап тұр", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, оның ең көбі – Ақтөбе облысында. Жалпы саны 489 ұңғыма қаңтарылып қалған. Соның ішінде үлкен бөлігі немесе 440 ұңғыма – қытайлық "СНПС – Ақтөбемұнайгазға" тиесілі. Тағы 25 ұңғыма – қытайлық-панамалық "КМК Мұнай" АҚ-ының, 24 ұңғыма – қазақстандық "Ада Ойл" ЖШС жеке компаниясының (Қазақстан азаматтары Парсултан Шойбеков пен Болат Ыдырысбаев) еншісінде.

Атырау облысында тасқын салдарынан 4 ұңғыма дағдарды: 3-еуі – "Ембімұнайгаз" АҚ-тыкі, біреуі – "5A Ойл" ЖШС ұңғымасы.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде компаниялар топан судың астында қалған объектілерінен суды сорғымен айдап шығаруға тырысуда.

Бұдан бөлек, ұңғымаларды герметизациялау және қайталама су баспауы үшін тасқынға қарсы бекініс тұрғызу жұмыстары талап етіледі. Мұны олар өз күшімен жүзеге асырып жатыр.

Бұл ретте мұнай өндірісі секторы үшін Атырау облысын қарғын судан қорғау басымдықты мән-маңызға ие. Себебі, еліміздің мұнай қорының шамамен 80%-ы Атырау өңірінде қордаланған. Теңіз және Қашаған сияқты "жаһандық супергигант" кен орындары да сонда орналасқан. Сондықтан мемлекет аталған облысқа армияны аттандырды.

Бұл туралы еліміздің Батыс өңірлерінде біраздан бері волонтер ретінде тасқынға тосқын қою шараларына белсене қатысып жатқан Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл хабарлады.

"Әскерилеріміз ауыл-қалаларды судан қорғау шараларымен айналысуда. Атырау өңірін су басу қаупі ары қарай сақталып тұр. Бұған дейін үлкен су Ресей жақтан 20-25 сәуірде келеді деп күткенбіз. Алайда көрші Ресейде Ирикла су қоймасынан аққан су төменде сағаларды толтырып, жағадан шығып, кең жайылып кетті. Тиісінше, облыс әкімдігінің дерегінше, Атырауда тасқын кешігіп, 29 сәуір мен 1 мамыр аралығында шырқау шегіне жетеді. Әскери қызметшілердің, волонтерлардың қатысуымен оны қарсы алу, төтенше жағдайды болдырмау үшін дайындық жұмыстары жүргізілді, жалпы ұзындығы жүз шақырым бөгет тұрғызылды. Атырау өңірінде жалпы саны 1 859  әскери қызметші төтенше жағдайдың алдын алуға жұмылдырылды", – деп хабарлады Бақытбек Смағұл Батыс өңірінен.

Жалпы, әскерилер тек мұнайлы аймақты қорғауда деп ойламай керек, ұлттық армиямыз барлық дерлік өңірдегі ең күрделі учаскелерде қимылдап жатыр. Сөз орайында қоғам қайраткері бір қызықты деректі келтірді.

"Жауынгерлеріміз тасыған өзендердің жағасын нығайтып, жасанды дамбалар тұрғызуға атсалысты. Зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмектерді тасып жеткізуде. Бірнеше ауысыммен қызмет етіп, халыққа жан-жақты жәрдемдесуде. Мысалы, Қазақстанның Қарулы күштері тарихи жәдігерлерді тасқыннан құтқаруға да үлес қосып жатыр. Қазақтың асыл тарихының алтын бастауларымен астасып жатқан Сарайшық шаһарының орнын қорғауға адам жетпей қалған. Сондықтан ол жаққа, Атырау облысының Махамбет ауданына 50 әскери жолданды. Сөйтіп, мәселе біраз шешілді. "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Бауыржан Артықовпен бірге мен сол жерде де болдым. Тарихи Сарайшық жерінде Бейнеудегі барлау полкінің жауынгерлері жұмыс жасап жатыр", – деді Б.Смағұл.

Ол енді еріктілермен бірге ахуалы күрделенген Орал жаққа аттанып барады екен.

"Қазгидромет" дерегінше, Оралда тасқын алдағы 22–24 сәуір күндері шырқау шегіне жетеді.

Өз кезегінде еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, Атырау облысында су басып қалған 4 ұңғыма бақылауда: өрт шықпауы үшін олар электрмен жабдықтаудан дереу ажыратылып, герметизацияланған.

"Облыстағы басқа мұнай-газ кен орындарындағы ахуал тұрақты. Олардағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырмыз", – деді ТЖМ өкілдері.
22 сәуір, 13:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.