Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырауға жұмыс сапары барысында Төтенше жағдай жөніндегі облыстық жедел штабтың ғылыми секторының жұмысына еліміздегі білікті ғалымдарды шақыруды тапсырған болатын.
Сол тапсырма аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Гидрогеология және геоэкология институты, География және су қауіпсіздігі институтының мамандары Атырауға келіп, жедел штабтағы ғалымдар қатарын толықтырды.
Гидрогеология, геодезия және картография, гидротехника бойынша жетекші ғылыми қызметкерлер мен профессорлар қазіргі су тасқыны жағдайын ғылыми тұрғыдан түсіндіруде.
Жедел штабта Министрліктің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасының орынбасары Артур Еділханов табиғи апаттардың алдын алуда ғылыми негіздерді басшылыққа алу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруда.
Ғылым секторының қызметіне өңірдегі Х.Досмұхамедов және С.Өтебаев университеттерінің де ғалымдары тартылған. Штабта сонымен қатар «Қазгидромет» мекемесі мен Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің қатысуымен ZOOM платформасы арқылы онлайн-жиналыстар өтеді.
Атырауға мол су келу болжамы, каналдар, су қоймасы құрылысы, Жайықтағы судың химиялық құрамы, еліміздегі өзендердің гидрогеологиялық режимін модельдеу секілді басқа да маңызды тақырыптарды зерделеп жатқан ғалымдар өз ұсыныстарын айтты.