Өздеріңізге белгілі, 4 сәуірде Жылыой ауданының Құлсары қаласында төтенше жағдай жарияланды: барлық мекемелерге жұмысшыларды жаға бекітуге жіберу туралы өтініш жіберілді. Көпшілігі жұмыстарын тастап, әсіресе аудан басшылығының көмек сұрағанын ескеріп, басшылықтан түсіністік болар деген үмітпен көмекке ұмтылған еді. Алайда мекемелердің жүмысшыларға еңбекақы төлеу мәселесі толық шешілмеген болып шықты.
Көп тұрғын жұмыс орнындағы басшылыққа арыз жазып, бес күнге ақысыз босатуын өтінсе, енді бірі жай ғана сұранып кеткен. Уақыт өте келе кейбір жұмысшылардың су тасқынымен күресуге кеткен күндері өз кәсіпорындарында толық есептелмегені белгілі болды.
- Жалпы көмекке түрлі мекемелерден 1332 жұмысшы келген болатын. Басым бөлігі, яғни 95 пайызы Теңіз кенішінде түрлі мекемелерде жұмыс жасайды, - дейді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА. - Бүгінде толық еңбекақысы сақталған 788 адамның мәселесі шешілді. Бірақ 544 адамға жұмыс беруші мекемелері еңбекақыларының 50 пайызын бермекші. Бүгінде сол кәсіпорындармен жұмысшылардың жалақысын толық көлемде төлеу жөнінде келіссөз жүріп жатыр.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА