ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, 9 маусымда Қызылқоға ауданы Жангелдин селосына жақын маңдағы далалықта екі жасар сәби жоғалды.
Кейіннен анықталғандай, сәби қой баққан әжесінің қасында болған. Кешке қарай әйел отарды үйге қарай қайыру үшін баланы бірнеше минутқа қалдырып кетеді. Қайтып келген қарт ана немересін қалдырған орнынан таба алмай қалады. Өз бетінше жасаған сәтсіз іздеулерінен түк шықпаған соң, жергілікті құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінеді.
Суыт хабар ауыл ішіне тез тарап, сәбиді іздеуге жергілікті тұрғындар, полиция, ТЖ қызметкерін қосқанда 50-ден аса адам шықты. Көптің көмегімен жас саяхатшыны 10 маусым күнгі түнгі сағат 3-те ауылдан 5 шақырым жерден тапты. Сәбидің қорқып қалғаны болмаса, еш жеріне зақым келмеген.
Анастасия ПАСТУХОВА