Атырау, 26 желтоқсан 01:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Актер Ержан ЖҰМАТОВ: «Кешімді өткізу идеясы - Алладан келген бұйрық»

11 039 просмотра

Ержан ЖҰМАТОВ – облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының актері. Ол ақын Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» пьесасы бойынша құрылған спектакльде қазақ вальсінің королі Шәмшінің рөлін сомдады. Жақында оның жеке шығармашылық кеші өтті. Бір көрермен әзіл мен лирикаға, махаббатқа толы бенефисте: «Ержан десе Шәмші ағамызды, Шәмші аға десе Ержанды еске түсіретін болдық» деді. Олай болса, біз актермен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

  

- Ержан аға, биыл шығармашылығыңызға жиырма жыл толыпты. Сұхбатты өнерге қалай келдіңіз деген сұрақтан бастасақ?

- Өнер - ананың сүтімен, әкенің қанымен беріледі ғой. Ол киелі, қасиетті. Кез-келген адам өнер адамы бола алмайды. Мектепте оқып жүргенде сахнада ән айтып жүрдім. Ең бірінші шырқаған әнім әлі есімде. Ол көркемөнерпаздар сайысында орындаған «День победы» әні болатын. Одан кейін кештерді жүргізіп, әзіл жанрына араласып жүрдім. Кейін ер жеткен соң совхозда жұмыс істедім, екі жылға әскерге кеттім. Одан келген соң, жастық дәуренім Алматыда басталды. Ауыл шаруашылығы институтының электр факультетінде оқып жүріп үйірмелерге қатыстым. Бірде институтта студенттер арасында сайыс ұйымдастырылатын болып, Әуезов театрының сахнасында әзіл өлең оқыдым. Сол кезде халықтың қошеметіне бөлендім. Сахнаның сиқыры шығар, сол сәттен бастап мен үлкен өнер жолына біржола аяқ бастым. 4-ші курсты бітірейін деп тұрғанда институтты тастап кеттім. Енді бір жылдан кейін диплом алып алсам болады ғой. Оны бітірсем, қазір қаланың бір жерінде энергетика саласында бастық болар ма едім. Мүмкін ауылдың бір жерінде қарапайым электрик қызметін атқарар ма едім. Әзіл ғой. Қасиетті шаңырақта өнер көрсетіп жүргеніме өкінбеймін.

- Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында жұмыс істепсіз...

- Мен институтта оқып жүргенімде театрдың әр түрлі жұмысын істеп көрдім. «Театр киім ілгіштен басталады» дейді ғой, оның гардеробында да істедім, билет таратып, театр әкімшісінің көмекшісі, аула сыпырушы да болдым. Студент кезімдегідей қазір де еңбекті сүйемін.

- Шығармашылық есеп беру кешін өткізу көптен бері ойыңызда жүр ме еді?

- Халықпен жүздесу - әр актердің арманы. Мен бұл жоспарымды үш жылдың үстінде ойлап жүрдім. Өзіңнен біраз жас кіші өнер адамдары екі-үш жыл ән шырқап барып, өздерінің шығармашылық кештерін өткізіп жататынын көргенде ойландым. Негізінен, кешімді өткізу идеясы Алладан келген бұйрық десем болады. Құлағыма да біреу сыбырлағандай, бір мезетте отырып сценарий жазып тастадым. Бір кеште әзіл жанрына, әнге, биге, деректі фильм көрсетіліміне, монологқа қанша уақыт бөліну қажеттігін бірден сызып қойдым. Содан бес-алты ай өтті, жүре бердім. Кешіме үш ай қалғанда сценарийді іске асырсам деп нақты шештім. Өзім бір істі кейінге қалдыра бермейтін едім. Идеямды өзіміздің басшымыз бірден қолдап, «басқа жастарға үлгі болады, шабыт береді, сен бастасаң қалғандары оянады» деді. Бұл өзімнің жеке шығармашылық есеп беру кешім болғаннан кейін дайындық барысында басы-қасында өзім жүрдім. Үш ай бойы кешке дайындалумен біраз тер төктім. Біраз азаматтар қолдады. Оларға рахмет. Ойым іске асты деп ойламын. Мен бір кеште жиырма жылда ойнаған барлық жанрдағы рөлдерімді қамтуға тырыстым. Екі сағаттың ішіне бәрін сыйғызу мүмкін емес. Бірақ, ең дәмдісін ықшамдап алдым. Сол кеш өткен күн бақытты күн болды мен үшін. Оған дейін мен қатты қобалжыдым. Қаншама энергия кетті. Өзім біраз салмақ жоғалттым. Үйлеспесе уайымдаймын. Мен өзім уайымның адамымын.

- Өскен ортаңыз бен отбасыңыз жайында айта отырсаңыз?

- Мен өзім 1967 жылы тамыз айында Индер ауданының Елтай ауылында туылдым. Әкем Хамит 1992 жылы дүниеден өтті. Анамның былтыр жылдық қадесін өткіздік. Кешті көңілімді көтерейінші деген оймен де өткіздім. Анам 13 баланы дүниеге келтірген. Оның алтауы кішкене кезінде шетінеді. Қазір жетеуіміз жеті отбасымыз. Бір қыз, қалғаны ұл. Өзім үйдің ең кішісімін. Оқушы кезімде жуас, тәртіпті, үздік болдым. Жолдасым қарапайым мұғалім. Екі қызым бар. Мен қыздарымның өнерде жүргендерін қаламаймын. Өнер жолы қиын. Күрес-тартыс...

- Бүгінде отыздан астам рөл сомдапсыз. Қайсысы жандүниеңізге етене жақын?

- Бұл менің жасымдағы актер үшін аз-көп деп айта алмаймын. Жетістігім әлі алда. Біттім, толдым, жетеді деп айтуға болмайды. Жалпы, ойнаған рөлдерімнің бәрі жақсы. Бөліп алмаймын.

- Кинофильмдерге де түсіпсіз... 

- Жергілікті телеарна түсірген «Өзен өз арнасымен ағады» фильмі мен «Қаза мен жаза» киносына және жақында деректі фильмге түстім. Онда Жұмекеннің өлеңін оқыдым. Киноға түсуге тағы да шақырса барамыз.  

- Әр актер өзінің кейіпкерінің мінезін өзінше зерттейді. Сіз қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз?

- Мен көпшіліктің ортасында жүргенде адамдарды қарап отырамын. Көшеде, көлікте, қай жерде болмасын жүріс-тұрыстарын түртіп алып, рөлге керек детальдарды іздеймін. Соны ертең спектакльде орындап, шынайы образ шығаруға болады. Кейде қиял, шабыт жетпей жатады біреулерде.

- Жеке басым әдеби мәтінді жаттау үшін адамға мықты зерде қажет деп санаймын. Қазіргі ақпарат тасқыны өрлеп тұрған заманда есте сақтау қабілет жағын қалай дамытасыз?

- Жиі-жиі репетиция жасағасын бәрі есте қалады. Біз мысалы бір спектакльді бір жыл шығаруға тура келеді. Кейде бір спектакльді үш ай, кейде екі айдан кейін шығарасың. Күрделі тарихи драмаларға ұзақ дайындаламыз. Неге десеңіз оны бойға сіңіру керек. Ол жасанды болмау керек.

- Театрда қандай спектакльдер қойылса дейсіз? Актерлардың басым бөлігі Шекспирдің пьесалары бойынша Лир королін немесе Гамлетті ойнағысы келеді. Сіз ше?

- Қазір 21- ғасыр ғой. Бұрынғы спектакльдерді қайталағаннан гөрі жаңа спектакльдерді қойған жөн. Бұрынғы спектакльдерге де жаңаша көзқарас керек. Өсіп-өрлеу керек. Өркендеу керек. Бұрынғы тұрмыстық деңгейдегі спектакльдерден арылып, жаңаша көзқараспен дамыту керек. Ол үшін спектакльді мықты етіп дайындайтын тәжірибелі режиссердің болғаны керек. Біз көрермен көңілінен шығуымыз керек. Оралдың жанып тұрған от секілді режиссері Мұқан Томанов бізде «Супер келін» мен «Болмаған оқиға» атты екі спектакльді қазіргі заман сұранысына сай қойды. «Супер келін» театрда алты-жеті рет жүрді, әлі аншлаг болады. Сондай спектакльдер қойылса деймін. Драматургтың шығармасы мен режиссер мықты болса, актердің жолы ашылады. Керемет дүниені режиссер шығара алмаса актерге обал. Үлкен образдар шығарсам деймін.

- Сіз айықтырғышта пара алу көрінісінде комедия жанрында танылған актер, бұрынғы «Бауыржан-шоу» әзіл-оспақ театрының әртісі Нұрбек Мадиевпен бірге жұмысқа жаңа келген жол полиция қызметкерінің рөлін ойнайсыз. Осыдан кейін сізге қолын шошайтып, ойыныңызды бетіңізге басқан МАИ қызметкерлері кездескен жоқ па?

- Жоқ кездеспепті. Олар театрға бармайды да. Қайтсе де, бұл өмірден алынған әзіл ғой. Өмірде ойнап-күлген жақсы. Оған ренжуге болмайды. Мен біреуді келемеждеп мұқатып жатқан жоқпын ғой.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

8 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.