Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің жоғары оқу орындары жанындағы эвакуациялық пункттердегі дайындық жұмыстарымен танысып, су басқан аумақтардан қоныс аударған азаматтардың қоныстану орындарына және көмекке келген әскери қызметшілер уақытша тұратын жатақханаларға барды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Министр Х.Досмұхамедов пен С.Өтебаев университтерінде төтенше жағдай кезінде эвакуацияланған азаматтарды қоныстандыратын орындар мен өңірге көмекке келген әскерилерге жатақханалардан дайындалған орындарды аралады.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов Құлсары қаласындағы су тасқынына байланысты эвакуацияланған адамдарға арнап 860 адам арналған төсек-орын дайындалғандығын баяндады. Бүгінде белгіленген қауіпсіз тұраққа Жылой ауданынан көшірліген екі отбасыдан құралған оншақты адам келіп қоныстанған.
Ал, өңірдегі С.Өтебаев атындағы Мұнай-газ университетінің басшысы Гүлзада ШАКУЛИКОВА аймаққа көмекке келген әскери қызметкерлер мен сарбаздарды қоныстандыру үшін студенттер үйінен 300 адамға төсек-орын әзір екенін айтты.
Жалпы Атырау облысында жарияланған төтенше жағдайға байланысты тасқын суға қарсы бөгет тұрғызу жұмыстары мен азаматтардың өмірі мен мүлкін тілсіз жаудан қорғауға еліміздің өзге аймақтарынан 2000 сарбаз жұмылдырылады.