Атырау, 22 қараша 18:47
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Ресейдегі су тасқыны: Қорған облысының тұрғындары эвакуацияланып жатыр

651 просмотра
Сурет: ТАСС

Ресейдің Қорған облысының бірқатар ауылдары мен қала маңындағы шағын аудандарда су басу қаупіне байланысты тұрғындарды эвакуациялау жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тобыл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі жалғасып жатқан Қорған облысында жағдай әлі де күрделі. Аймақ билігінің мәліметінше, 15 сәуірдегі жағдай бойынша 12 782 адам эвакуацияланған. Су басу мүмкін аймаққа 7 муниципалдық аудандағы 62 елді мекен, оның ішінде Қорғанның өзі кіріп отыр.

Қорған ауданындағы Тобыл өзенінің деңгейі 15 сәуірде түске қарай «нөлден кейінгі» көрсеткіштен 664 см жоғары болды, су деңгейі төрт сағатта шамамен 44 см-ге көтерілді. Исеть және Миасс өзендерінде де су деңгейі көтеріліп келеді. 

Дүйсенбіде Қорған қаласы бірқатар шағын аудандарының (Малое Чаусово, Смолино, Камчиха станциясы), сондай-ақ Менщиково және Кропанка ауылдарының тұрғындарын шұғыл эвакуациялануға шақырды, ескерту сиреналары жұмыс істеп тұр. Облыс орталығындағы тағы 20 ықшамаудан мен жүзден астам бау-бақша серіктестігі Қорған қаласындағы су басу қаупі бар аймақтардың қатарына кірді.

«Қазіргі таңда Қорған қаласында Тобылдағы су деңгейін 9 метрден 11 метрге дейін көрсетіп тұрған Рогидрометрдің болжамына сүйене отырып, міндетті түрде су басқан және басатын жерлерден кету керек», - деді облыс әкімі.

Облыста бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасып отыр, қауіпті аймақтарда көпқабатты композиттік материалдан құрастырмалы су толтыру бөгеттері орнатылып жатыр. Сонымен қатар, Тобыл алқабында топырақтың сіңірілуін арттыру үшін терең емес ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары қолға алынды. 

Орынбор облысының шығысында жағдай біртіндеп тұрақтала бастаса, оңтүстік аумақ судың келуін күтіп отыр. Орынбор облысы басшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 сәуірдегі таңғы жағдай бойынша облыста 15 068 тұрғын үй мен 23 643 шаруашылық телімі су астында қалды. 29 көпір құрылысы жабық күйінде қалып отыр, 2 федералдық тас жолдың 3 учаскесін су тасу қаупі бар. Зардап шеккен аймақтардан 16 547 адам, оның ішінде 4 648 бала эвакуацияланды.

Облыс губернаторы Денис Паслердің атап өтуінше, демалыс күндері Орынбор облысында су біртіндеп азайған. Дүйсенбі күні таңертең су деңгейі үш сағаттың ішінде 5 см-ге төмендеді. Алайда, қазір үлкен су Жайық бойымен төмен қарай, облыстың оңтүстік шекарасына, оның ішінде Қазақстанмен шектесетін Елек аймағына ағып жатыр.

«Орынборда су күн сайын азаяды деген болжам бар. Орск қаласында су деңгейінің төмендеу динамикасы тұрақты түрде жалғасып келеді. Үлкен көлемді су өзеннен төмен қарай Елекке қарай ағып жатыр, біз сол жерде тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - деді Д.Паслер.

Томск облысында су тасқыны жағдайы күрделі. Вершинино, Батурино және Черная Речка елді мекендерінің бір бөлігін су басқан. Томь өзенінде мұз кептелісі қаупі үлкен. Осыған байланысты демалыс күндері су қоймасында қосымша мұз жару жұмыстары жүргізілді.

«Бүгінде жағдайды Кемерово облысында су деңгейінің төмендеуі және ауа температурасының болжанған төмендеуі қиындатып отыр», - деді Томск облысының губернаторы Владимир Мазур дүйсенбі күні өткен аппарат отырысында.

Алтай өлкесінде барлық аудандарда тасқын су деңгейі төмендеді. Аймақ басшылығының мәліметінше, кейбір жолдар әлі жабық.

«Бүгінде облыста бір муниципалитеттегі 3 елді мекенде барлығы 23 тұрғын үй мен 65 шаруашылық телімі су астында қалып отыр. Хабар ауданындағы Хабары ауылында бір уақытша орналастыру орталығы жұмысын жалғастырып, сол жерде екі адам қалып отыр», - деп хабарлады облыс басшылығының баспасөз қызметінен.

Бұған дейін хабарланғандай, Орынборда Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті деңгейге жақындап, сағат 8:00-де 897 см-ге жетті. Су басу қаупі бар аймақта жүрген адамдардың барлығы дереу эвакуациялануға шақырылды. 

15 сәуір, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.