Ресей билігі АҚШ-тан 22 наурызда Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған теракт туралы ақпарат сұрады. АҚШ Мәскеуге мағлұмат берді, болашақта да солай істеуге ниетті деп хабарлады АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Линн Трейсидеп жазады Азаттық радиосы..
Трейси ол мәліметтің егжей-тегжейін айтпады. Елші Ресейден "тікелей сұрау" түскенін және "Кремльмен арадағы қайшылықтарға" қарамастан, АҚШ бұл оқиғаны тергеуге көмектесуге дайын деп түсіндірді. "Ресей азаматтары қауіпсіз және лайықты өмір сүруге құқылы" деді АҚШ елшісі.
Кремль әзірше Трейси айтқан ақпаратқа байланысты пікір бермеді.
"Крокуста" шабуыл жасалғанға дейін Батыс елдері, соның ішінде АҚШ-тың арнайы қызметі Ресей билігіне ел аумағында теракт болуы мүмкін екенін ескерткен. Ресей президенті Владимир Путин бұл ақпаратты "бопсалау", Ресей қоғамын "қорқытып-үркіту және елдегі тұрақтылықты бұзу" деп атаған. Ресми мәліметтерге сәйкес, "Крокустағы" шабуыл салдарынан 140-тан астам адам қаза тапқан.
9 сәуірде Ресей тергеу комитеті "АҚШ пен НАТО елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларына" қатысты терроризмді қаржыландыру бабымен қылмыстық іс қозғаған. Ресей билігі ол адамдардың аты-жөнін атаған жоқ. Тергеу комитеті олар терроризмді қаржыландыруға коммерциялық ұйымдар арқылы ақша аударған, олардың арасында "Украина аумағында жұмыс істейтін "Бурисма Холдингс" мұнай-газ компаниясы бар" дейді. Компанияның 2014 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңдегі директорлар кеңесі құрамында АҚШ-тың қазіргі президентінің ұлы Хантер Байден болған.
Ресей тергеу комитеті "АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары" кімді қаржыландырғанын нақты айтқан жоқ.
22 наурызда "Пикник" рок-тобының концерті жоспарланған Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залына қарулы адамдар шабуыл жасап, жұртқа оқ жаудырған. Ғимаратта өрт шығып, кейін төбесі құлады. Терактіден қаза тапқандар саны 144 адамға жетті, 551 адам зардап шекті, хабар-ошарсыз кеткендер де бар.
Тергеу органдарының мәліметінше, теракт бойынша 11 адам қамауға алынған, олардың көбі — Тәжікстан азаматтары. Алғашқы төрт күдікті сотқа жеткізілген кезде денесінде азаптау мен соққы іздері бары байқалды.
"Ислам мемлекеті" террор ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіні өз мойнына алды. АҚШ пен Батыс елдері шабуылды нақ сол террор тобы ұйымдастырды деген ақпаратқа сенеді. Ресей шабуылдың артында Украина тұруы мүмкін деп мәлімдеді. Киев оны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.