Атырау қаласының тұрғыны жүктіліктің 33-ші аптасында кесарь тілігі арқылы үшемді – екі қыз және бір ұлды дүниеге әкелді. Бұл жас отбасының тұңғыштары. Олардың есімдерін Абдулхаким, Хафиза, Хабиба деп атаған.
Неонаталдық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира АБЕКЕЕВАНЫҢ айтуынша, сәбилердің салмағы 1 келі 711, 1 келі 823, үшіншісі 1 келі 420 грамм болып дүниеге келген. Сәбилердің жағдайына байланысты бірінші кезеңде балалар жансақтау бөлімшесінде ем алып, өз беттерімен демалмағандықтан жасанды желдету аппаратында болған. Жағдайлары тұрақтанған кезде патология бөлімшесіне ауысқан. Сәбилердің жағдайы тұрақталып,өз беттерімен демалатын болған соң, туғаннан кейін 37-ші күні үйлеріне шығарылды. Үшемнің қазіргі салмағы 2500г, 2400г, 1700г.
– Әйел жүктіліктің 30-31 аптасында перзентханаға түсті. Келген кезде оның жағдайы тұрақты болды. Дегенмен, үшем екенін ескере отырып, жүктілікті үш аптаға ұзартып, толық тексеру жүргіздік. Жүктіліктің 33-ші аптасында, яғни 28 ақпанда кесарь тілігі арқылы босанды – деді жүктілік патологиясы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан ЖҰБАНЫШЕВ.
Жас ана босануға барлық жағдайды жасаған дәрігерлерге алғысын білдірді.
– Облыстық перинаталдық орталыққа 10 ақпанда түстім. Маған көмектесу үшін анамды әкелуге рұқсат берді. Қазіргі уақытта сәбилердің жағдайы жақсы. Барлық дәрігерлер мен медбикелерге отбасымыздың атынан алғыс айтамын, – дейді жас ана Бекзада ҚАДЫРБАЕВА.
Отбасы мүшелерін облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қазбек ЕРМАҒАМБЕТОВ құттықтап, сәбилердің куәліктерін табыс етті.
Айта кетейік, бұған дейін үшем орталығымызда 2022 жылы дүниеге келген болатын.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ