Су тасқыны қаупі төнген аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау үшін тағы үш қосымша пойыз жолға шығады, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
«Ұлттық тасымалдаушы тұрғындарды тасымалдау үшін тағы 3 пойызды жөнелтеді», – деп жазылған хабарламада.
Олар келесі бағыттар бойынша жүреді:
1. №211/212 «Орал-Қызылорда» пойызы бір рейске: 13 сәуірде сағат 20:32-де Орал қаласынан жөнелтіліп, 14 сәуірде сағат 22:45-те Қызылордаға келеді;
2. №213/214 «Атырау-Астана-Қарағанды» пойызы бір рейске: 13 сәуірде сағат 19:30-да Атыраудан жөнелтіліп, 15 сәуірде сағат 08:30-да Қарағандыға келеді;
3. №215/216 «Атырау-Алматы» пойызы бір рейске: Атыраудан 14 сәуірде сағат 23:16-да жөнелтіліп, Алматыға 17 сәуірде сағат 03:50-де келеді.
Сондай-ақ Астана-Атырау-Астана бағытындағы жолаушылар пойыздарына төрт қосымша вагон қосылды.
№211/212 және №215/216 пойыздарының купе вагондарының құны 13 915 теңге, ал плацкарт билеттері 9 216 теңге тұрады. Ал ірі қалалар арқылы өтетін №213/214 «Атырау-Астана-Қарағанды» пойызының бағасы купе үшін 18 114 теңге, ал плацкарт үшін 11 898 теңгені құрайды.
«Қабылданып жатқан шаралар су тасқыны қаупі бар аймақтардан қосымша 2 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ҚТЖ.
Қосымша пойыздар мен вагондарға билеттер 13 сәуірде сатыла бастайды. Билеттерді комиссиясыз bilet.railways.kz сайтынан және вокзалдың билет кассаларынан сатып алуға болады.