12 сәуірде Атырау қаласы мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Депутаттар су тасқынына қарсы іс-шараларға қалалық бюджеттен 5 миллиард 81 миллион 306 мың теңге бөлуге дауыс берді.
– ҚР Бюджет кодексіне сәйкес, жергілікті атқарушы органның резерві трансферттер мен несиелерді шегергенде жалпы бюджеттің 2 пайызынан аспауы керек, сондықтан 5 миллиард теңге бөлуді ұйғардық. Бұл су тасқынынан кейінгі қала тіршілігіне әсер етпейді, өйткені мемлекеттік кірістер департаментінің болжамы бойынша бюджеттің кіріс бөлігіне салық жинау жоспары орындалады. Қаражат тапшылығы орын алса, облыстық және республикалық бюджеттен қаражат сұраймыз, - деді қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Рулана ДОСҚАЛИЕВА.
Атырау қаласының 2024 жылға арналған бюджеті 330 млрд теңге.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ