Мостовой каналының бойында орналасқан Лесхоз, Сарқамыс ықшамауданы тұрғындары Жайық өзені деңгейінен көтерілсе, Мостовойға құяр тұстағы шлюздер жұмыс істеп тұр ма, канал тасып кетпей ме деп алаңдауда. Қазіргі кезде Мостовой каналының бойында тұратын тұрғындар каналдың жағасын жағасын өз күштерімен бекітуге кіріскен.
«АЖ» тілшісі Атырау ықшамауданындағы каналдың бастау алатын тұсы мен Ракуша ықшамауданындағы Жайыққа құйылатын жердегі жағдайын бақылап көрді.
Суретте: сол жақта А нүктесі, оң жақта В нүктесі (Ракуша)
Қазіргі уақытта Атырау ықшамауданындағы каналға құятын жер әлі құрғақ. Бұл маңда каналға дейін және каналдан әрі қарай аумақта арнайы техникалар жағаны бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Одан жағалауға биіктігі 6-7 қатар қапшық бөгет қойылған.
Каналдың екі басындағы шлюз әзірге жабық тұр. Ал канал лай судан шіріп, иістеніп жатыр. Кейбір жерлерге биікті 3 метрге жақын қамыс қаптап кеткен.
Каналға жақын орналасқан «Атамұра» ықшамауданы тұрғындары бөгет салу жұмысына қызу кіріскен.
- «Атамұра» ықшамауданының тұрғындары болып бергі бетіне өзіміз бөгет соғуды бастап кеттік. Арғы бетін "Арнаулы автобаза" жасау керек. Қажетті күрек-қапшықтармен айналадағы дүкендер көмектесуде. Бізге негізінен топырақ жетіспей жатыр, - дейді ықшамаудан тұрғыны Сағытжан Талапұлы.
Айтуынша қапшық қаптау үшін топырақты "Арнаулы автобаза" мен осы ықшамауданның тұрғындары жеткізіп берген. Алайда уақытында жетпеуі қол байлап тұр.
- Өзіміз жеке кәсіпкерлерге хабарласқанымызда топырақ төгіп беру 25 мың теңге деп сұрап тұр, - дейді тұрғындар.
Бүгін таңертеңнен бастап Жайықтың сол жағалауындағы Сұлтан Бейбарыс алаңына бөгет салу жұмыстары басталды. Бұл жерге колледж студенттері мен еріктілер тартылған.
- Бейбарыс алаңындағы жағалауға қосымша бөгет салу жұмыстарына Атырау көлік және технология колледжінен 4 куратор, 30 астам студент келдік. Студенттерге сабақ офлайн болғанымен, кезектесіп ерікті ретінде жұмыс істеп жатыр. Студенттерді колледжден автобуспен алып кету, апарып тастау және қажетті құрал саймандарды жеткізуді әкімдік ұйымдастыруда, - дейді колледж директорының орынбасары Марал Нигметова.
Айта кетейік, бүгін Атырау облысы әкімдігіне қарсы тұстағы Жайықтың жағасына су деңгейінің 7 метрге дейін көтерілгенін өлшейтін белгі орнатылған. Ол белгі бүгін 12 сәуір күні 1 метр 20 сантиметрді көрсетіп тұр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор