Атырау, 25 желтоқсан 06:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Жергіліктілер жеріген жұмыстан келімсектер күнін көріп жүр

3 936 просмотра

«Таяу шетелдерден келген гастарбайтерлер Атырауда барлық салада жұмыс жасайды: базарларда, супермаркеттерде, мал соятын жерлерде, ТҚС, жүк тасымалдауда, ауыл шаруашылықтарында. «Ақ Жайық» газетінде жарияланған мақалалардың бірінде «Арнаулы автобаза» қызметкерінің бірі өздерінің Қарақалпақстаннан екендігін және бұл жерде бірінші жыл жұмыс жасап жатпағандарын айтқан. Иә, мен «Арнаулы автобаза» директорын жақсы түсінемін, өйткені қаланың тазалығы оның жауапкершілігінде, алайда, 30-35 мың теңгеге жұмыс істеуге келісетін жұмысшыларды қайдан алады?

Бұл жайт маған таңсық емес, өйткені мен өзім жеке кәсіпкермін. Менің шағын наубайханамның өзінде таяу шетелдерден келген онға жуық жұмысшы жұмыс жасайды. Барлық кәсіпкерлер секілді мен де ең ақырғы өнімді, яғни, бір бөлке нан 35 теңгеден жоғары болмасын деп әрбір тиынды санаймын. Солай үнемдей тұра мен нан рецептісінің бұзылмауын және арзан жұмысшы күші мен энерготасымалдаушыларды қолдануға жұмыстанамын.  

Біздегі қиындық жергіліктілердің азғантай жалақыға жұмыс істемейтіндіктерінде. Ондайда біздерді гастарбайтерлер құтқарады. Қысқасы, менде де «Арнаулы автобаза» директорының басындағыдай жағдай. Тек бір ғана айырмашылық маған ешкім де: «Оған тиісе көрмеңіздер, ол қаламыз үшін нан пісіріп отыр» деп ара түспес еді. Мен заңды аяқ асты еткім келмейді. Мәселен, Ресейдегідей (онда бір жұмысшыға салынатын бір мәрте салық шамамен, жылына 7-8 мың рубль) таяу шетелдерден келген жұмысшыларды заңды түрде жалдағым келеді. Мен ешкіммен келісімге келгім келмейді, алайда, солай істеуге мәжбүрмін.

Ірі шетелдік фирмалар және жергілікті жеке кәсіпкерлер үшін дифференциалды санаттағы шетелдік жұмысшы күштерін әкелу Ережесін қайта қарауға болмай ма? Осы ұсынысты қалалық және облыстық мәслихат депутаттарына біздің аймақтың мәжілісмендері мен облыс басшылықтарына бергім келеді. Шағын бизнеске көмектесулеріңізді сұраймын.

Құрметпен, «Төлеуов С.» ЖК (бүркеншек аты)»

 

РЕДАКЦИЯДАН: Біздер бұған қатысты түсініктер алу үшінтүрлі инстанцияларға, оның ішінде бірінші кезекте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына жолықтық. Шетелдік жұмысшы күшін толығымен заңды жағдайда тартуға болатындығы анықталды. Бастысы - тапсырысты уақытында беру.

Қазыбек ӘЛІШЕВ, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының шетелдік жұмысшы күшін тарту бөлімінің бастығы:

 «Жыл сайын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «ҚР-да шетелдік жұмысшы күшін тартуға жұмыс берушілерге рұқсат беру тәртібі және талаптары, квотаны анықтау Ережелерінің» талаптарына сәйкесті, Үкіметтің 2001 жылғы 19-маусымдағы №836 қаулысымен бекітілген шетелдік жұмысшы күшін осы немесе басқа да мамандықтар бойынша тарту квотасы облыстар арасында бөлінеді.

Келесі әрекет: жыл сайын 1-қазанға дейінгі мерзім ішінде өкілетті орган ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жұмыс берушінің тапсырыстарына және ішкі еңбек нарығының талдауына қарай алдағы жыл үшін шетелдік жұмысшы күшін тарту негіздемесіне сүйене отырып ұсынады. Министрлік талдау жұмыстарынан кейін алдағы жылдар үшін облыстар бойынша квоталарды бөледі. Біз кез-келген заңды тұлғалардан, оның ішінде жеке кәсіпкерлерден тапсырыстарды қабылдай береміз.

Шетелдік жұмысшы күшін тарту 4 санат бойынша жүзеге асырылады:

1-санат – бірінші басшылар, техникалық директорлар, бас инженер, бас технолог секілді бас мамандар және т.б.

2-санат – басшылар мен мамандар, яғни, ИТР.

3-санат – тиісті кәсіби білімдері бар білікті жұмысшылар.

4-санат – біліктілігі жоқ жұмысшылар, ауылшаруашылық жұмыстарында және басқа да жұмыстардағы жұмысшылар».

Қ.Әлішевтің айтуынша, таяуда ғана «ҚР-да шетелдік жұмысшы күшін тартуға жұмыс берушілерге рұқсат беру тәртібі және талаптары, квотаны анықтау Ережелеріне» өзгерістер енгізілген. Енді және алға қарай шетелдік қызметкерлер мен жергілікті қызметкерлер арасындағы арасалмағы біздің пайдамызға қарай өсетін болады. Бұл біздің жергілікті кадрларды жұмыссыз қалдырмау ниетінен туындап отырған жағдай.  Жақындағы өзгерістерге сәйкесті, 2011 жылдың 1-шілдесінен бастап, 2 және 3-санаттағы қызметкерлердің арасалмағы мынадай болуы тиіс – 30% шетелдік және  70% қазақстандық. 2012 жылдың 1-қаңтарынан бастап: 10% шетелдік қызметкерлер және  90% қазақстандық. 4-санат бойынша  ешқандай өзгерістер жоқ. Әкелу квотасы жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша анықталатын болады.

Кәсіпкердің хатына Атырау облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА  да түсінік берді: «Сіздің оқырманыңыздың шетелдік жұмысшы күшін 4 санат бойынша тарту заңдылығына қатысты айтар болсақ, олар маусымдық қызметкерлерге жатады және біліктілігі жоқ мамандар. 2010-2011 жылдарға Атырау облысына шетелдік жұмысшы күшін 4 санат бойынша тартуға рұқсат берілмеді, яғни, тапсырыстар болмағандығын хабарлаймын. Осылайша, осы көрсетілген уақыт бойынша Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бойынша шетелдік жұмысшы күшін 4 санат бойынша тартуға рұқсат берілген жоқ. «Көші-қон туралы» заңдылықты сақтау және көші-қон полициясы мен Атырау облысы халықты әлеуметтік қорғау және қадағалау департаментінің құзырындағы еңбек заңдылықтары бойынша бақылау қызметі жүзеге асырылды».

Өз кезегінде «Арнаулы автобаза» директоры Дулат ТҰРҒАМБАЕВ былай деп хабарлады: «Коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорын «Арнаулы автобаза» Өзбекстан азаматтарын кәсіпорын табысын арттыру немесе сол табыстардың қайнар көзі мақсатында қолданып отырған жоқ. Демек, ол азаматтар кәсіпорын мүддесі үшін емес, барша қоғамның игілігі үшін еңбектенуде. Бүгінгі күндері кәсіпорын кейбір қиындықтарды бастан кешіруде. Мемлекет тарапынан еңбек қатынастары заңдарына сәйкесті осы азаматтарды қоғам игілігі үшін жұмысқа тарту мәселесі шешілмей отыр. Олар: 1. заңдастыру; 2. біздің елде бар болғаны 1 айдай болуға рұқсат беру. Жеке кәсіпкер С.Төлеуов көтерген мәселеге келетін болсақ, ол өзі жеке кәсіпкер ретінде өзі үшін пайда келу жағын мақсат етіп қояды. Ол сол азаматтарды пайдалану үшін арнайы лицензия алуға тиісті және соның негізінде өз қызметін жүзеге асыра алады».

Таяу шетелдерден келетін жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру заңдылығы жөніндегі редакцияның сауалын көші-қон полициясының басқармасы елең қылмады. Тек дүйсенбі күні ғана аталмыш мекеменің басшысы Руслан ӘДІЛОВ бізге телефон арқылы бүгінгі күнге дейін ондай фактілердің тіркелмегендігін (белгілегеп автор) және біздің сауалымызды қалалық әкімдікке жолдағандығын хабарлады. «Олардың не деп жауап беретіндігін көрелік, содан кейін біз де жауап береміз»,-деді ол. 

Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

6 сәуір 2011, 19:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.