Атырау, 24 қараша 22:58
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ҚМГ Атырау облысына көмектесуді жалғастыруда

Бейнежазба
683 просмотра

«

ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық және техникалық көмек көрсетуді жалғастыруда, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

«ҚазТрансОйл» АҚ Құлсары қаласының 19 тұрғынын тұрғын үймен қамтамасыз етті. Олар компанияның Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының «Бейнеу» желілік өндірістік-диспетчерлік станциясының жатақханасына орналастырылды. Тұрғындар ең қажетті заттармен, 3 мезгіл ыстық тамақпен, төсек-орын жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» АҚ Атыраудағы Жайық өзенінде және Құлсарыдағы Жем өзенінде жағалау бекіністерін қалпына келтіру үшін 34 арнайы техника бөлді.

«Ембімұнайгаз» АҚ Атырау облысының аудандары мен Атырау қаласына 40-тан астам арнайы техника мен 14 тоннадан астам жанармай бөлді. Бұдан бөлек, компания су тасқынына қарсы іс-шараларға қажет заттар (қап, қолғап, бір реттік комбинезондар және күректер) берді.

Сонымен қатар «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «KPI Inc.» ЖШС және ҚазМұнайГаздың басқа еншілес мекемелері Атырау облысында жағалауды бекіту және су тасқынының салдарын жою жұмыстарына атсалысып жатыр.

ҚазМұнайГаз табиғи апат басталғалы бері өңірлеріндегі су тасқынымен күрес іс-шараларына белсенді қатысуда

Бүгінде іс-шараларға ҚМГ еншілес ұйымдарының шамамен 900 қызметкері мен 200 техникасы жұмылдырылып, күні-түні екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде елді мекендер жанындағы жағалаулар бекітіліп, қорғаныс бөгеттері салынды. Сондай-ақ су басқан аймақтардан еріген қар суы шығарылып жатыр.

Зардап шеккен халыққа да көмек көрсетілуде. Эвакуацияланған адамдар жатақханаларға орналастырылып, оларға үш мезгіл ыстық тамақ, қажетті заттар, төсек-орын берілді. ҚазМұнайГаздың барлық еншілес мекемелері мен орталық аппараты зардап шеккендерге қаржылай көмек жинап берді.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ЖШС құтқару-іздеу операцияларына көмектесетін 20 дана үрлемелі плот, 12 суға арналған костюм, 4 өрт сөндіру жеңін берді. Бұдан басқа, «Қазақтеңізкөлікфлоты» Баку-Ақтау бағыты бойынша гуманитарлық көмекті тегін жеткізетінін мәлімдеді. Ақтау битум зауыты да шет қалмай, Атырау облысына оралған битумға арналған 300 қап жіберді, бұл қаптарға барлығы 360 тонна құм сыяды.

ҚазТрансОйл, Ембімұнайгаз, Қаражанбасмұнай, KMG Barlau, Атырау мұнай өңдеу зауыты, KPI, ҚазМұнайГаз-Аэро, Павлодар мұнай-химия зауыты және басқа да еншілес кәсіпорындар бірнеше шақырымға созылған бөгеттер салып жатыр. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар және басқа да зардап шеккен облыстарға адам және техникалық ресурстармен, сондай-ақ жанармай, азық-түлікпен және ақшалай көмек көрсетуді жалғастыруда.


11 сәуір, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.