Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров су астында қалған құлсарылықтардың жағдайымен танысты. Депутат сапар барысында мүлкінен айырылған халықпен кездесіп, олардың мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Депутаттың айтуынша бүгінде қаланың 40 пайызын су шайып кеткен.
– Қазіргі уақытта қалада түрлі ауру тарау қаупі бары анық. Осы бағытта жергілікті эпидемиологиялық орталық қандай да бір шаралар атқаруға тиіс. Қазірден алдын алып, тиісті шараларды қолданбаса, бұл үлкен мәселеге айналуы мүмкін, – деді Айдарбек Қожаназаров.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында болып, осы өңірді паналауға мәжбүр болған құлсарылықтармен кездесті. Жергілікті мектепке көшірілген тұрғындардың хал-жағдайын білді.
Жүз адамға шақтап жасалған мектеп ғимаратындағы эвакуациялық пунктті 700-ге жуық адам паналаған. Мектеп әкімшілігі оларға барлық жағдай жасалғанын, оқушылар үшін сабақ онлайн форматқа көшірілгенін айтты.
Депутат Құлсарыдағы су деңгейі соңғы екі күнде төмендегенін, енді билік тарапынан шығынға ұшыраған халықтың өтемақысының дұрыс болуын қадағалайтындарын жеткізді.