Атырау, 25 қараша 00:46
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қызылқоға ауданындағы ахуал туралы

625 просмотра

Облыста қызыл су алдымен Қызылқоға ауданы Миялы ауылына жетіп, қыспаққа алған болатын.  Екі күн бойы аралда қалған ауылды еріктілер, ауданның барлық мекемелері, сырттан келген күштің арқасында қарғын судан аман алып қалды. «АЖ» тілшісі ауданның қазіргі күйімен танысып, аудан әкімінің орынбасары Жарас ЕСЕНҒАЛИЕВҚА сауалдарын қойды.

- Миялы ауылының қазіргі жайы қалай болып жатыр.

- Жалпы Қызылқоға ауданына өр суы Ақтөбенің Ойыл өзенінен келеді. Биыл қызыл су Ақтөбенің біраз жерін шайып кеткені белгілі. 31 наурыз күні Ойыл өзені 1 метр 20 см көтеріліп, Миялыға қауіп төнді. Негізі аудан көктемгі тасқын суға дайындықпен келді, 8 км бөгетке қосымша 2 км бөгет соғылып,36 мың қапқа құм толтырылып,бөгетті нығайтты. Сөйтіп көптің күшімен топан судан аудан орталығы Миялыны алып қалды. 2 сәуірден бастап тасқын су Тайсойған, Жанкелдин, Ойыл, Көздіғара ауылына жетті. Тайсойғанда  судың көтерілуі 1 метр 50 см дейін жетті. Миялыда бүгінде қауіп сейілді, қазіргі деңгейі 2 см. Жалпы кейбір адамдар Қиыл өзенінен келетін екінші толқын бар деген қауесеттің шындығын білгісі келеді.

- Бүгінде қауіпті аймаққа қай ауылдар жатқызылып тұр.

- 7 сәуірде тасқын су Қызылқоға, Тасшағыл, Жамбыл округтеріне жетті. Қызылқоға ауылдық округінде судың деңгейі 2 метр 80 см көрсетіп тұрды. Округте қарғын суға төтеп беру үшін 15 арнайы техника, 50 әскерилер, 70-тен астам еріктілер күш біріктіруде. Тасшағыл мен Жамбыл ауылдық округтеріне өзен суы өз ағысымен келуде. Әзірге қауіптілік жоқ.

- Қандай ауылдармен байланыс үзіліп отыр, оларға көмектер берілуде ме?

- Ойыл ауылы округіне қарасты Балабейіт қыстағы мен Аққора елді мекені, Тасшағыл округіне қарайтын Қоғам елді мекені тасқын судың қоршауында қалды. Балабейіт қыстағындағылар қауіпсіз жерге көшірілді, Аққора елді мекеніндегі 98 тұрғынның 37-сі  Миялы ауылына кқшірілсе, ал 61-і елді мекенде қалды, олардың басым көпшілігі ер адамдар. Аққора мен Қоғам елді мекеніне қайықпен азық-түлік, жанар, жағармай жеткізіліп тұр.  

Жалпы Ойыл өзені бойында орналасқан Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға округтерімен қатынас уақытша үзіліп тұр. Бүгінде қайықпен тұрғындардың қатынасы жолға қойылған.

- Мектептерде онлайн форматы әлі сақталып тұр ма?

- ТЖ жарияланғаннан кейін мектептер онлайн форматына көшірілген болатын. 8 сәуірден бастап штаттық режимде оқуларын жалғастыруда. Облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес мектеп оқушылары бір апталық мектеп бағдарламасы жазғы демалыс уақытында оқытылатын болды.

- Тасқын судың шығыны анықталды ма? Жалпы ТЖ аудан резервінен қанша қаржы қарастырылды, ол неге жұмсалды?

- Аудандағы мал шығыны тасқын судың деңгейі басылғаннан кейін арнайы комиссиямен қаралатын болады. Төтенше жағдайларға аудан резервінен 33 млн 282 мың те4ге қаралған болатын. Күні бүгінде аталған қаражат игерілмеді. Өткен жылы екі моторлы қайық, гидрокостюм, қапшық, құтқару жилеті, бинокль, қолшам, ұйықтайтын қап,  дизельді және бензинді мотопомпа, т. б. алынған болатын   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА   

10 сәуір, 14:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.