Атырау, 25 желтоқсан 06:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

40 еуроға бағаланған Сталинград және басқа да сорақылықтар

4 368 просмотра

- Әкем майданда хабар-ошарсыз кеткен еді, алайда жақында маған оның тірі қалып, Чехословакияға қоныстанғаны, сол жақтан дәулет жинағаны және менің оған мұрагер бола алатыным туралы хат келді.

- Дәулетінің мөлшері қандай екен?

- Тоғыз жүз қырық мың еуро.

Телефон тұтқасын ұстаған күйімде орнымнан секіріп кете жаздадым, бірақ Анна Михайловна:

- Ал менің пошталық шығынды – 40 еуро төлеуімді өтінеді, - деп түсіндіргенде сабырға келдім.

Әлдебір SPPMI (Sdruzeni Pravni Podpora Mezinarodnich Iniciativ) ұйымынан фирмалық бланкаға жазылған пошталық хабарламада, Анна Михайловнаның мұра қалдырушы-фамилияласы Прагада бір жыл бұрын қаза болғандығы, артында мүлігі, бағалы қағаздары мен банктік депозиті қалғандығы, тікелей мұрагерлерінің жоқтығы, өсиетхат қалдырмағандығы хабарланыпты. «Халықаралық құқық талаптарына сәйкес, мұрагерлерді оның туған жерінен іздеу шарасы алынды. Біз мұра қалдырушының 1941 жылға дейін Қазақ КСР-де тұрғандығы, ол жерден майданға шақырылғаны, тұтқынға түсіп, хабар-ошарсыз кеткен деп саналғандығы туралы ақпарат алдық» делінген.

Анна Михайловнаның әкесі Сталинград майданына түскеннен кейін одан хат келу тоқтаған. Анна Михайловнаның пікірінше, бұл оның қантөгісте қаза болғандығын білдірген. Қағаз жүзінде ол хабар-ошарсыз кеткен деп саналды, дегенмен жауынгер жанұясына үміт жоқтығын айқын сездірген еді.

Дегенмен де, егер айталық, Аннаның әкесі тірі қалса, хабарламада көрсетілген уақытта ол 98 жаста болар еді, сол дәуірдегі адамдардың осындай жасқа жетуі сирек жағдай емес. Оның үстіне, өсиетхат қалдырмауы да мүмкін, оған түрлі себептер болуы ықтимал...   

- Өмірде ғажайыптар болады ғой, - деймін Анна Михайловнаға, - шынымен де аяқ астынан байып кеткен болсаңыз...

- Ал қырық еуро ше?! – деп Анна Михайловна мені ақылға шақырды.

Бұған бой ұсынуға тура келеді, әдепті жазылған хаттың ішіндегі қонымсызы бұл ғана емес. Осы секілді хат Анна Михайловнаның қыздарына да келіпті. Бәріне де осы фактіні қатаң құпиялықта сақтауды, тіпті бір-біріне айтпауды өтінген. Оларға ойлануға үш күн уақыт берген. Мәтін соңында ұсақ әріптермен ақша жіберу әдісі ұсынылған. «Оларды конвертке басқа қағаздардың арасына салыңыз, пошталық жеткізілім кезінде қолды болудың алдын алу үшін ақшаның жарыққа қараған кезде конверттен көрініп тұрмауына көз жеткізіңіз...». Моралдық әсер ету ережесі бойынша тексеру тәсілін қолданған: «Осы хабарламада баяндалған шарттар сақталмаған жағдайда сіз мұрагерлер тізімінен автоматты түрде алынып тасталасыз» делініп, Қазақстандағы SPPMI Уәкілетті өкілі Станислав Ладеканың қолы қойылған.

ИНТЕРНЕТТІҢ ЕКІ ЖАҒЫ

Sdruzeni Pravni Podpora Mezinarodnich Iniciativ– SPPMI – словак тілінен аударғанда (құдіретті гуглға рахмет) халықаралық құқықтық бастаманы қолдау Одағы немесе Ассоциациясы деген мағынаны білдіреді. Интернетте ешқандай да «Қазақстандағы SPPMI өкілдігі» туралы, тіпті Чехиядағы SPPMI туралы, Станислав Ладека туралы мағлұматтар атымен жоқ. Хабарламадағы кері мекен-жайда Алматыдағы абоненттік жәшік көрсетілген.

Есесіне Интернет арсыз алаяқтарға «хабар-ошарсыз кеткендер» қатарындағы адамдарды іздеу мен табуға көп көмегін тигізеді. Анна Михайловнаның әкесі туралы мәліметтерді қуғын-сүргін және соғыс жылдары жоғалған және жапа шеккен туысқандары мен жақындарын іздеушілерге көмек ретінде жасалған memorial.ru сайтының іздеу бөліміне енгіздім. Бірер сағаттан кейін сайт модераторлары «Т. Михаил Осипович. Дата рождения 1912. Дата и место призыва 1942 Баксайский РВК, Казахская ССР, Гурьевская обл., Баксайский р-н. Красноармеец, пропал без вести 01.1943»деген мәліметті тауып берді.   

Яғни, ептілік танытса, «мұраға қалдырушылар» мен «мұрагерлерді» табу аса қиынға түспейді екен.

- Бұл нағыз алаяқтық! – деді менің екі сұхбаттасушым осы іс туралы айтқанымда. Сөйтіп, олар Анна Михайловна мен оның қыздарына арызбен келуді ұсынды.

Атырау облыстық ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы, полковник Амандық МҰҚАШЕВ пен Атырау қаласының Ішкі істер басқармасының бастығы Серік ЕРБӨЛЕКОВ өз тәжірибелерінде мұра туралы осындай хаттарды кездестірмепті, алайда бұған қатты күмән келтірді.

- Сіздер мұндай арызды қабылдайсыздар ма?

- Қабылдаймыз, іздейтін боламыз, бізге келсін.

АФРИКАДАН ХАТ КЕЛСЕ МҰҚИЯТ БОЛЫҢЫЗ

Полицейлердің айтуынша, мұндай қылмыс түрі әсіресе интернетте кең тараған. «Нигериялық» деп аталатын хаттар немесе спамдар 1980 жылдың ортасынан бастап желілерге жаппай таратылған. 2005 жылы нигериялық спамерге тіпті әдебиет бойынша Шнобель (антинобельдік) сыйлығы берілген. Өйткені олардың кейбірінің сюжеттері болливудтық мелодрамалардан асып түседі екен. Банктегі есеп-шотында қыруар ақшасы бар Еуропада тұратын мұра қалдырушы-тәтейіңнің аяқ астынан қаза болуы – бұл ең бейкүнә қиял ғана. Лотереядағы ұтыс (билет сатып алмай-ақ), пайызсыз және кепілдіксіз несиелер, ақшаға қатысты делдалдық қызметтер... Басқа кең тараған түрі – хат алушынікімен бірдей «фамилиядағы» өте бай адамның таяуда қайтыс болғандығы туралы хабардар болған банк қызметкерінен немесе шенеуніктен-мыс банк есеп-шотынан ақша алуға көмектесу туралы ұсыныс жазылған хаттар. Немесе шетелдегі жұмыс туралы жалдамалы жалған агенттіктерден түсетін ұсыныс (бірақ шығар алдында тұратын орны мен жұмысы үшін рұқсат қағазын төлеу қажет) және африкандық принцессалар өздеріне үйленуді, олардың ертегідей корольдіктеріне ие болуды жалынып өтінетін танысу сайттары...

Соңғы кездері әсіресе көмек ақша жинау туралы хаттар тарап кеткен. Олардың шынайы секілді көрінетіні сондай, диагностикалық  орталықтардың диагноздарының көшірмелері, «ауру құрбандарының» - «Шрек» фильміндегі Мысық секілді көздері жәудіреген бүлдіршіндердің фотосуреттері қоса беріледі. Жақында осындай хаттардың бірі желіде тарап, тіпті спамдарға беріле қоймайтын көпшілік дір етіп, аяныштан әмияндарына қол созған болатын... Алайда бірер сағаттан кейін банктердің біріндегі қауіпсіздік қызметі мұның кезекті «нигериялық» хат екенін анықтады... Алаяқтар хат жіберу үшін түрлі елдердің прокси-серверлерін пайдаланғандықтан хаттың қай жерден жіберілгенін білу мүмкін емес. Сондықтан Африкадан сәлем хат алсаңыз, қырағылық танытқаныңыз жөн. Осыдан екі жыл бұрын Интернетті жаңадан пайдалана бастаған таныстардың бірі кеңсе ішінде аласұрып жүрген болатын. Біз оның осыншама абыржуының себебін білген кезде, спам дегеннің не екенін түсіндіре бастадық. Сондағы оның түрін көрсеңіздер ғой...

ШЕТЕЛДІК МҰРАДАН ЖОЛЫМЫЗ БОЛМАДЫ

Облыстық нотариалдық алқасының төрайымы Гүлнар МАСАТОВА өзінің он жылдық тәжірибесінде шетелден мұра алу туралы іспен бетпе-бет келіп көрмепті: «Біздің облысымыздан мұндай нотариалдық істер жөнінде естіген жоқпын, сондықтан тіпті процедура механизмін нақты сипаттай алмаймын».

Түсінікті, мұндай оқиға болмаса, тәжірибе де жоқ деген сөз.

Теория бұл тұрғыда не дейді екен?

Халықаралық тәжірибеде марқұм болған мұраға қалдырушы мен болашақ мұрагердің арасындағы формальды қарым-қатынасты тек сот қана анықтайды. Яғни, мұраға қалдырушы көз жұмған сол елдің (штаттың, провинцияның, жердің және т.б.) заңдарына сәйкес, туысқандық дәрежесі мен мұраға ие болу құқығын дәлелдеу керек.

Біздің заңдардан айырмашылығы, дүние жүзінде дерлік мұраға ие болу – нотариалдық емес, сот процедурасы. Сондықтан,мұндай істе пошта арқылы сауалнама толтырумен іс бітпейді, әдетте мұндай істі елдің тіліне де процессуалдық барысына да қанық шетелдік адвокаттарға сеніп тапсырады. Сенімхатқа ие болған адвокат құжаттарды өзінің шетелдік серіктестеріне жолдайды, ал олар сот ісін бастайды. Яғни, қалай болғанда да үш күнде үлгеру мүмкін емес. Сондықтан зейнеткерлік бюджетіндегі 40 еуроны сақтап қалған Анна Михайловнаның әрекеті дұрыс.  

Дегенмен, өкінішті-ақ, материалдың тақырыбын «Мұраға қалған миллион» деп айқайлатып қоюға болатын еді, әттең...

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

 

Википедиядан: Нигериялық хаттар – электрондық поштамен жаппай хабарлама тарату (спам) арқылы дамып кеткен алаяқтықтың кең тараған түрі.  Бұлай деп аталу себебі, алаяқтықтың бұл түрі Интернетте пайда болмас бұрын Нигерияда өте кең тарапты. Ол кезде қарапайым пошта арқылы осындай хаттар таратылған. Нигериялық хаттарды таратуда лайықты жұмыс таба алмаған жас студенттер немесе нигериялық университеттің түлектері елеулі рөл ойнаған. Кейінірек бұл жанр басқа да африкандық елдерге, нигериялық диаспорасы көп қалаларға (Лондонға, Амстердамға, Мадридқа, Дубайға) жайылған. Нигериялық хаттар, атап айтқанда, Ходорковскийдің жеке хатшысының атынан да жіберілетін болған. Егер хат алушы алаяқтарға жауап берер болса, оған бірнеше құжаттар жолдайды. Мұнда ірі фирмалар мен үкіметтік ұйымдардың шынайы мөрі мен бланкалары қолданылады. Егер алушы қатысуға келісім берсе, одан келісім рәсімдеуге, алым төлеуге, шенеуніктерге пара, содан соң айыппұл ретінде-мыс ірі сомаларын біртіндеп қағып ала береді. Көп жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдарында алаяқтық механизмі егжей-тегжейлі түсіндірілсе де,  хабарламаның жаппай таратылу салдарынан алаяқтарға ірі ақша сомасын ұстата қоятын жаңа құрбандар табылып жатады.

6 сәуір 2011, 19:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.