Әлеуметтік желіде Жылыой ауданымен қатынас үзілген ауылдарда азық-түлік азая бастағаны жөнінде видео тараған болатын.
- Тасқын сумен күрес кезінде ауылдың еріктілері және ауданнан келген көмектің арқасында ауылымызды аман алып қалдық. Көптің көмегімен құм толған топырақпен және техниканың күшімен жасанды бөгеттер тұрғызылған болатын. Құлсары қаласын топан судан құтқару мақсатында Ақкиізтоғай-Құлсары арасындағы автокөлік жолын бұзуға тура келген. Сөйтіп ауыл мен аудан орталығы арасында қатынас үзіліп, дүкендерде азық-түлік таусылды. Ауылда тұрғындардың 90 пайызында жеңіл көлік бар. Онымен Құлсары қаласына далалық жолмен қатынау мүмкін болмай тұр. Төсек тартып жатқан науқас жандар мен жүкті әйелдер жағы да ойлантып тұр, - дейді мектеп мұғалімі Т. ҚҰБАШҰЛЫ.
«АЖ» осыған орай Ақкиізтоғай округінің әкімі Марат ҚАБИДЕНОВКЕ хабарласқанда:
- 2 сәуір күні су көп келіп, ауылды басып қалу қаупі туындады. Бірақ ауданнан келген көмек пен ауыл тұрғындарының бірлескені арқасында аман алып қалдық. Қазір қауіптілігі сезілмейді. Бірақ ауданмен байланыстырып тұратын автокөлік жолы бұзылды. Бірақ ауданмен қатынас толық үзілді деп айтуға болмайды. "Қара жермен" жүру арқылы көлік бара алады. Азық-түлік азая бастады. Округте 1500 тұрғын бар. 4 дүкен жұмыс жасап тұр. Құлсарыдағы "Береке" дүкенімен сөйлесіп, азық-түлік жеткізілетін болды. - деді.
Доссор-Құлсары автокөлік жолының Шоқпартоғай ауылы тұсындағы асфальт жол жырылғаны белгілі. Әлеуметтік желіде бұл ауылда азық-түлік тапшылығы сезілуде деген ақпар тарады. Қара Арна округі әкімі Ерболат ЕЛЕУСІНОВТІҢ айтуынша, ауыл тұрғындары Атырау-Құлсары пойызымен тегін қатынайтын көрінеді. 7 сәуір күні ауылға гуманитарлық көмек келген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА