«Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Қалауидың айтуынша, су сапасы сағат сайын тексеріліп тұр.
- Бізде аккредитацияланған зертхана бар. Ондағы қызметкерлер үнемі аттестациядан өтіп тұрады, - деді М.Қалауи.
Халыққа беріліп жатқан ауыз су үш компонент бойынша тексеріледі. Су қорын жинақтау да тұрақты қадағалауға алынған.
- Тасқын кезінде жұмыс бұрынғыдан күшейтіледі. Бұл кезде қалыптасқан ахуалға байланысты 12 компонент бойынша сынама алынады. Зертхананың 23 қызметкері тәулік бойы Жайық суының сапасын түсіне, лайлануына, басқа да талаптарға сай тексеріп отырады. Әсіресе өр суы келетін кезде бұған асқан жауапкершілікпен қараймыз. Суды тазартуға қажетті коагулянт, химикаттар мен өзге де қоспалар қоймада жеткілікті, - деп сендірді Мейірім Жоламанұлы.