Орынбор облысының Ириклинск су қоймасынан Жайыққа жіберіліп жатқан судың ағыны бүгін 4 сәуір күні секундына 1600 текше метрге өсті. Ириклинск су қоймасын пайдалану филиалының сайтындағы мәліметке сүйенсек, су қоймасынан жіберілетін ағынның көлемі 2 сәуірден бастап, сағат санап өсіп келеді.
31 наурыз – секундына 90 текше метр;
1 сәуір – 390 текше метр сек.;
2 сәуір – 390 текше метр сек.;
3 сәуір 00:00 – 620 текше метр сек.;
3 сәуір 14:00 – 790 текше метр сек.;
3 сәуір 18:00 – 870 текше метр секундта;
3 сәуір 19:30 – 1050 текше метр секундына
4 сәуір – 1314 текше метр. секундына
4 сәуір – 09:00 – 1672 текше метр секундына, деп көрсетілген ресми сайтта.
Ресейден келе жатқан үлкен су көлемінің Атырау облысына әсерін «Қазгидромет» 1993-94 жылдардағы су тасқыны қайталанады деп болжап отыр.
«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының мәліметінше, Ириклинск су қоймасынан жіберіліп жатқан су көлемі әлі Батыс Қазақстан облысына жетпеген.
- Жоғарыдан келе жатқан су ағыны Батыс Қазақстан облысына бүгін-ертең жетуі мүмкін деп болжануда. Орал қаласына жеткен күннен бастап 4-5 күнде Индер ауданы аумағына кіре бастайды деп күтілуде, - деді «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының жетекші инженер-гидрологы Ақмарал МИЗАМҒАЛИЕВА.
Гидролог атап өткендей, Атырау гидробекетіне Жайық өзені бойынша көктемгі су тасқынының келетін су деңгейі 540-600 сантиметрге жетеді деп күтілуде. Бұл жағдай атырау облысында 1993-94 жылдары тіркелген.
-Атырау гидробекетіндегі су деңгейі 600 сантиметрден асуы 30 жыл бұрын тіркелген. 1993 жылдары Атырау гидробекетіндегі су деңгейі 601 сантиметрге жетті. Қазіргі кезде су деңгейі 187 сантиметрге жетіп тұр. Атырау қаласы үшін қауіпті деңгей 550 сантиметр есептеледі. Осы көрсеткішке жеткенде Жайық өзені арнасынан шығып, елді-мекендерге қауіп төнуі мүмкін, деді А. Мизамғалиева.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Видео әлеуметтік желіден