Жылыой ауданындағы Жемнің суы толып, 253 сантиметрге дейін көтерілді. Осы себептен Ақкиізтоғай ауылының іргесіне дейін су келді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ауылдағы су деңгейі сағат сайын көтеріліп, 325 сантиметрге дейін барды. Кейін ауылға 11 техника, 100 шақты адам жұмылдырылып, топырақ төгу жұмыстары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ 1500 қап құм толтырылып, жағаларға төселген. Ауыл халқы жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе отырып, келген қатердің бетін қайтарды.
Қазіргі таңда Ақкиізтоғай ауылында жағдай тұрақты. Су тасқыны кезеңі штаб бақылауында. Тұрғын үйлерге және тұрғындардың мал шаруашылығы обектілеріне су кіру фактісі орын алған жоқ. Жем өзенінің су деңгейі кешегі күнмен салыстырғанда 3 сантиметрге өсіп отыр. Қазіргі таңда су деңгейінің қауіпті деңгейі сақталуда. Және қауіпті аймақтарға су тасқынына қарсы іс-шаралар әлі де жүргізілуде.
Түні бойы ауданға қарасты Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай ауылдарында және Қарағай елді мекенінде, Құлсары қаласының ішіндегі Құрсай өзені жағалауындағы ықшам аудандарды топырақ төгу, бөгеттерді биіктету және құм толтырып, жағаға қою жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар үзіліссіз әлі де жалғасып жатыр. Облыстан 50 шақты сарбаздар көмекке келді. Бұл жұмыстарға аудан еріктілері де белсенді атсалысып жатыр.
Аудан бойынша су тасқыны қаупін сейілту мақсатында 20000-нан астам қап топырақ, 60 шақты техника және 2000 ерікті жұмылдырылды. Одан бөлек жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері де тиісті жұмыстар жасап жатыр.
Штаб құрамы кезекшілікпен тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ облыстан 50 әскер көмекке келді және Теңіз кенішіндегі және жергілікті мекемелердің техникалары да жұмыстарға жұмылдырылуда.