Қазір Жем өзеніне келген судың деңгейі 2 метр 53 см көтерілген. Ақкиізтоғай ауылына қауіп төнді.
Осыған байланысты ауылға 11 техника жіберіліп, 100-шақты ерікті көмекке барды. Күн, түні жұмыс жасаған еріктілердің арқасында 1500 қап құм толтырылып, жағаларға төселіп, ауылды аман алып қалды.
Бүгінде Ақкиізтоғай ауылындағы жағдай тұрақты. Су тасқыны жағдайы штабтың бақылауында. Тұрғын үйлер мен мал шаруашылығы орындарын су басты деген дерек тіркелген жоқ. Кешегі күнмен салыстырғанда Жем өзеніндегі су деңгейі 3 см көтерілді. Қазіргі таңда су деңгейінің қауіпті деңгейі сақталуда. Қауіпті деп белгіленген аймақтарда су басудың алдын алу жұмыстары атқарылып жатыр.
- Түнімен Тұрғызба, Шоқпартоғай ауылдарымен қоса Қарағай елді мекені, Құлсары қаласында топырақ төгу, бөгеттерді биіктету жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстар үзіліссіз жалғасуда. Облыстан 50 әскер көмекке келді, - дейді аудандық әкімшіліктің баспасөз қызметкері Ақмоншақ АБИЛХАСОВА.
Су басу қаупін сейілту мақсатында 20000-нан астам қап төселіп, 60 шақты техника және 2000 ерікті жұмылдырылған. Одан бөлек жергілікті атқару органы мен ТЖ бөлімшесінің қызметкерлері тиісті іс-шараларды жүргізіп отыр.
Штаб тәулік бойына күзет ұйымдастырды. Теңіз кен орны және жергілікті мекемелерден техникалар жұмысқа тартылды.
Құлсары қаласындағы Қамыскөл көліне Құрсай өзегі арқылы су келетін. Бүгінде өзектегі қалың қамыс пен қоқысты тазарту да қосымша жүруде.
- Әсіресе, көпір астындағы қоқыстарды арылту оңай болмай отыр. Оның үстіне қамыстардың салдарынан көлге құятын су ағыны баяулап, қалаға қауіп төніп тұр. Ең қауіпті жерлерге құм толған қапшықтармен бөгет тұрғызылуда. Бірақ әлде де болса қол күші, қапшық, техника, жанармай мәселесі қиын болып тұр, - дейді қала белсенділері.
Құлсары қаласындағы "Бесінші ауыл" мен Барлаушы ықшамаудандарын байланыстырып тұратын автокөлік көпірі жарамсызданған. Жылыой ауданында судың келуі бәсеңсіген жоқ. Еріктілер қаланы аман сақтап қалу үшін күндіз-түні жұмыла еңбек етуде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА