26-29 наурызда Қостанай қаласында кикбоксингтен 2006-07 жылы туған жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті.
Турнир нәтижесінде Атырау облысының құрамасы алтын, күміс және екі қола медальді жеңіп алды. 91 келіден жоғары салмақта Жеткіншек Асылжан алтыннан алқа тақты. 65 келіге дейінгі салмақта Алина Мақсот күміс жүлдегер атанды. +91 келі салмақта Төлеген Нұрбек пен 51 келіге дейінгі салмақта Мейрамғали Санжар қола жүлдегер атанды.
Жеткіншек пен Алина тамыз айында Будапештте өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.
***
Атыраулық дзюдошы Абиба Әбужақынова «Үлкен дулыға» турниріндегі жетінші алқасын жеңіп алды. Қазір оның еншісінде бір күміс, жеті қола медаль бар. Абибаны Мейіржан Есмағамбетов жаттықтырады.
Дүниежүзілік дзюдода «Үлкен дулыға» турнирлерінен жоғары жалғыз турнир – Masters турнирлері. Абибаның әзірге оған марапаттары жоқ.
Одан сәл төменде әлемдік Гран-при турнирлері тұрады. Абибада одан бір «алтын» және бір «қола» алқасы бар.
2024 жылы Әбужақынова өзі қатысқан 4 Үлкен дулыға және Гран-при турнирлерінің жеңімпазы атанды. Қазіргі қола медаль да есептелді.
***
РФ Рязань қаласында Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан Рязань жауынгерлерін еске алуға арналған самбодан 2001-03 жылы туған жасөспірімдер арасында Бүкілресейлік XXIII ашық турнир өтті.
Атырау күрес мектебінің оқушылары өздерін жақсы көрсетті: 50 келіге дейін – 2-орын Қайырғали Қуандықов (№1 БЖСМ), 3-орын - Ғалым Әбілмансұр (№4 БЖСМ), 55 келіге дейін – 3-орын Ислам Асқаров (№1 БЖСМ).
***
Ақтөбе облысының Шалқар қаласында бокстан 2010-11 жылы туған жасөспірімдер арасында ҚР Батыс аймақтық чемпионаты өтті.
Нәтижесінде Атырау спорт колледжінің шәкірттері мынадай нәтижелерге қол жеткізді: 46 келіге дейінгі салмақта Нариман Имамұрат алтын алқа, Ержігіт Әнесұлы (43 келіге дейін) мен Мансұр Асқар (52 келіге дейін) қола алқа иеленді.
***
Ақтауда халық батырлары Иса-Досан жүлдесі үшін 2008-09 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында дзюдодан халықаралық турнир өтті.
«Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» КММ командасы: Өміржан Жалғас, Берекет Даниярұлы және Қайырғали Ролан алтын, Темірлан Сұңғатов, Қуанышқали Ислам және Зинеш Нұрасыл күміс алқа жеңіп алды.Сонымен қатар, спортшылардың салмағы азайған сайын жоғары марапаттар арта түсті.Кішкентайлар чемпион атанса, үлкендері жеңіліс тапты.
***
Алматы облысы Қарасай ауданында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі жастар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ҚР чемпионаты өтті.
Турнирге еліміздің барлық аймағынан 300-ден астам балуан қатысты. Еркін күрестен 23 жасқа дейінгі бұл чемпионатта атыраулық балуандар, атап айтқанда Аманғали Бекзат 92 келіге дейінгі салмақта күміс, Талап Жолдасов 70 келі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ