Каспий теңізінің жағалауында тағы 16 өлі итбалық табылды, 1 сәуірдегі ахуал бойынша өлген жануарлардың жалпы саны 78-ге жетті, деп хабарлайды zakon.kz.
Еске салсақ, 29 наурызда Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауында 62 итбалықтың өлексесі табылды.
Экологтар су сынамасын алды, ветеринарлар ішкі ағзаларын, ал Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы азу тістерін, тырнақтарын және жүнін тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін алды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті.
Табылған өлекселерде физикалық зақым анықталған жоқ. Олар қатты дауыл кезінде жағаға шығып қалған.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағында бақылауды жалғастыруда.