Қазір Миялы ауылында қауіп сейілгенімен, Ойыл бойындағы округтерге қауіп төндіруде.
Қазіргі ахуал бойынша Көздіғара ауылдық округі Қоныстану ауылындағы сайда орналасқан 4 тұрғын үй (1 бос тұрған үй) суға кетіп, 8 тұрғын мен қора жайдағы малдары қауіпсіз аймаққа көшірілді.
Қазіргі таңда ауылдық округ тұрғындары Жаңашаруа орта мектебіне эвакуациялануда. Сонымен қатар, Ойыл бойындағы елді мекен тұрғындарына ауылдық округтерге көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда округте 6 арнайы техника жұмыс жасауда, Тасшағыл ауылдық окрунінен 2 техника көмекке жіберілді. Округке қарасты Қосқұлақ және Бүйрек елді мекендері бар. Елді мекен тұрғындары мен қорадағы малдары да қауіпсіз аймақта.
Сонымен қатар, Ойыл ауылдық округіне қарасты Балабейіт қыстағы тасқын судың қоршауында қалды. Қауіпсіз аумаққа көшіру мақсатында ауданнан 2 қайықпен кеткен құтқару жасағына тұрғындар көшуге өз еріктерімен бас тартып, қыр басына қорадағы мал-жайларымен бірге қауіпсіз аймаққа шықты. Қыстақта 11 тұрғын мен 173 мал басы бар.
Миялы ауылының 654 тұрғыны 3 эвакуациялық пункке көшірілді. Кешеден бастап қауіп сейілгеніне байланысты тұрғындар бүгін өз еріктерімен үйлеріне қайтты. Тайсойған ауылдық округінің 139 тұрғыны Атырау қаласы мен Миялы ауылындағы жақын туыстарының үйіне жеткізілді.
Аудан бойынша ауыл іргесіне бөгет көтеру, қапшыққа құм толтыру, жағаны биіктету жұмыстарына 1000-ға жуық мекеме қызметкерлері, 73 полиция, 145 төтенше жағдайлар департаментінің және ауыл тұрғындарынан 2000-нан астам ерікті жұмылдырылды.
Аудан бойынша 55 000 қапшыққа толы құм бөгеттің қауіп тудырған тұстарына салынды, ал ауданда жалпы ұзындығы 45,7 км бөгет бар. Тасқын судың қауіптілігіне байланысты 28 км 350 метр бөгетті көтеру жұмыстары жүргізілді. Жалпы 83 техника бар. Оның ішінде Ойыл бойындағы округтерде 51 техника бар. Осы уақытқа дейін тасқын судың алдын алу бағытында округ тұрғындарының қол күшімен бөгет соғу, құм толтыру жұмыстары жүргізілсе, кешеден бастап облыс орталығынан арнайы техникалар мен еріктілер көмекке келіп жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА