Облыс әкімі Серік Шәпкенов «Қытай құрылыс корпорациясының үшінші инженерлік бюросы» компаниясының басшысы Лю Мин бастаған делегациямен кездесті, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Лю Минмен әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың, сауда-экономикалық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Серік Шәпкенов өңірдің инновациялық-индустриялық даму бағытында ұсынылған әр жобаны қолдайтынын, арадағы ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін білдірді.
- Біз өңірге инвестиция тартып, индустрияны дамытуға басымдық беріп отырмыз. Қытай - инновациялық-индустриялық дамыған мемлекеттің бірі. Бұл ретте арадағы ынтымақтастық пен серіктестікті одан әрі дамытуымыз керек. Бүгінгі кездесу ертеңгі жасалатын үлкен істерге серпін береді. Алда бірлесіп атқаратын жұмыстарда тиімді қатынас орнатқанымыз маңызды,-дедіС.Шәпкенов.
Жиында кәріз жүйесін салу, жер асты суын өндеу, пайдалану және әлеуметтік нысандар салу сынды өзге де мәселелер талқыланды.
Қазіргі уақытта Атырау облысында көтерілген жер асты суын қалыпқа келтіру үшін дренаж жүйесін салу мәселесі өзекті. Осыған қатысты Лю Мин зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті мамандар жіберетінін айтты.
- Мұндай мәселе біздің Шэньчжень қаласында да болды. Ол кезде біз де тиісті зерттеу жүргізіп, мәселені шештік. Бір сөзбен, тәжірибеміз бар. Тұзды жердің суын тазалау - өте оңай процесс. Сондықтан арнайы уақыт белгілейік, кейін компанияның арнайы мамандары белгіленген аумақтарға келіп, зерттеу жүргізсін. Бірлесе жұмыс істеуіміз екі ел экономикасын одан әрі дамытуға серпін береріне сенемін,-деді Л.Мин.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысының Қытаймен сыртқы сауда айналымы - 3 млрд. 242 млн. АҚШ доллары. Оның ішінде экспорт - 3 млрд. 079 млн. АҚШ долларын, импорт - 163 млн. АҚШ долларын құрады.