Атырауға Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Бүкіләлемдік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша вице-президенті (WCC-APR), көптеген халықаралық байқаулардың қатысушысы Айжан БЕКҚҰЛОВА (суретте) келді. Ол, сондай-ақ, «ASSIA» көркем сурет салон-галереясын басқарып, көрме ұйымдастыру қызметімен айналысады.
ШЕБЕРЛЕР ОДАҚҚА БІРІКТІ
- Айжан, сіз Қазақстан қолөнершілер одағын басқарасыз. Осы ұйым туралы айтып беріңізші.
- Қысқаша тарихын айтып өтейін. 2006 жылы «OUR HERITAGE» (Біздің мұрамыз) қоғамдық қоры, Орталық Азиядағы «Еуразия» қоры және «Шеврон» мұнай компаниясы өте маңызды атқа ие «Қазақстандағы халықтардың көркем қолөнер кәсіпшілігін жаңғырту және қолөнерді дамыту» ұлттық бағдарламасын жасады. Бағдарлама қазақстандық шеберлер бұйымдарының сапасын жақсартуға, қолөнершілердің сату нарығына шығуына көмектесуге бағытталған. Өткен жеті жылда жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Көптеген шеберлер тренингтерге, көрмелерге, жәрмеңкелер мен байқауларға қатысты. Күні кешеге дейін біз бір-бірімізді білмедік, өз жетістіктерімізді жасырып жүрдік, ал қазір өзімізді бір тұтастың бөлігіндей сезінеміз. Бізде өзара қарым-қатынасқа, идеялармен бөлісуге, ортақ жоспарлар құруға деген қажеттілік пайда болды. Дәл осы сезімдер елдің 7 өңірінің көптеген шеберлерін Қазақстан қолөнершілер одағы астына біріктіруге себепші болды. Одақтың қызмет аясы өте кең: бұл дәстүрлі кәсіпшіліктерге қолдау көрсету, қолөнершілердің, суретші-әбзелшілердің кәсіби өсуі мен кәсіпкерлік белсенділіктерінің артуына қолдау көрсету, байқаулар өткізу, практикалық оқулықтар, бюллетендер шығару, қолөнершілік мәселелері бойынша кеңес беру және т.б.
Елімізде түрлі шығармашылық бірлестіктер бар, солардың ішінде Суретшілер одағы көптен жұмыс жасап келе жатыр, алайда ол тек кәсіби суретшілер мен арт-сыншыларға ғана арналған. Іріктеу критерийлері бойынша оған қолөнершілер кіре алмайды. Сонымен қатар, суретшілер де өздерінің жоғары мәртебелерін көрсетіп, қолөнершілерден алшақ жүруге тырысады. Алайда кез келген суретшінің жұмысы негізінде қолөнер жатады емес пе? Оларсыз ешбір шығармашылық ойды жүзеге асыру мүмкін емес. Сондай-ақ қолөнершілер де - белгілі бір дәрежедегі суретшілер. Көбінің суретшілік білімдері де бар. Ағылшын тіліндегі artisan және artist (қолөнерші және суретші) сөздері бір түбірден бекер шықпаған болар. Жалпы, қолөнерші – ардақты кәсіп.
Қазірдің өзінде біздің Одақ екі халықаралық ұйым – Бүкіләлемдік Қолөнер Кеңесі (World Craft Council) мен оның тынықмұхиттық өңірлік өкілеттілігіне мүше болды. Осылайша қазақстандық қолөнер шеберлері халықаралық қолөнер қозғалысына етене араласып жатыр.
ӘРІПТЕСКЕ ҚОНАҚҚА
- Одақтарыңызда қолөнердің қандайма бір түріне басымдық бересіздер ме?
- Біз қолөнердің барлық түрін қамтимыз. Мен анау немесе мынау бізге жақынырақ деп айта алмаймын, өйткені бұлардың бәрі біздің ұлттық мұрамыз ғой. Мүмкін, киізге көптеу көңіл бөлетін болармыз, себебі Қазақстанда киіз басу кең тараған және үлкен тарихы бар кәсіпшілік. Сондай-ақ зергерлік пен кесте тігуді де ұмытпаймыз. Биыл Алматыда киіз басудан, келер жылы кесте тігуден фестиваль өткізбекшіміз. Алдағы бірнеше жылда басқа да қолөнер түрлерінен фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылғы мамырда Қастеев атындағы музейде зергерлік өнер фестивалі өтті. Оған Германиядан белгілі шебер Мартина Демпф келді. Ол - тәжірибелі дәріскер, мықты сарапшы, оған қоса керемет зергер. Бұл біздің шеберлер үшін заманауи үрдістер туралы білу, сондай-ақ өз шеберліктерін көрсету мүмкіндіктерін туғызды. Мартина бізде зергерлік өнердің қаншалықты жақсы дамығанына таң қалды. Көптеген шеберлер біздің тренингтерімізге, шеберлік сабақтарына қатысты, олар бір-біріне қонаққа барады, шетелге де шығады. Олар бұрынғыдай емес, ашыла бастады. Қолөнершілер өздерінің кейбір бұйым жасау тәсілдерімен бөлісетін болды. Мұның барлығы бағдарламамыздың нәтижесі деп санаймын.
Босқа жұмыс жасап жатпағанымыздың мысалы ретінде биыл бесінші жыл қатарынан өткізілген «Шебер» байқауын атап өтуге болады. Егер бірінші байқауға негізінен сапасыз «тез жасалған» бұйымдар ұсынылса, бүгінде шеберлер кезінде тұрмыста қолданылған ескі технологияларды зерттеумен шұғылданып жүр. Биылғы байқауда қазір ұмытыла бастаған шүмек (қазақ памперсі), күміс сәби сорғышы, балалардың алғашқы қадамы рәсімі - тұсаукесерде қолданатын «Ақ жол» алашасын және тағы басқаларды ұсынған шеберлердің жеңіске жеткені кездейсоқ емес.
Халқымызда қолөнер турасында айтылған нақыл сөздер, мақалдар өте көп. Қазақтың Ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің отыз үшінші қара сөзін қолөнерге арнаған: «Дәулетті өмір сүргің келсе, қолөнер үйрен. Байлық уақытпен бірге жоқ болар, ал өнер - өлмейді». Өз қол еңбегі арқасында өмір сүріп жатырған қолөнершіні қазақ пір тұтқан. Бұл қазір де қазақтардың шеберлерге деген құрметінен көрінеді. Алайда біз көп нәрселерімізді жоғалттық. Бүкіл әлемге ұялмай көрсете алатын нағыз қазаққа тән бұйымдарымыз өте аз. Міне, қараңызшы, бұл таза қазақи ерлердің шапаны, Оңтүстік Қазақстанда ХІХ ғасыр туындысы. Дәстүрлі жұмсақ теріден жасалған, қараңызшы, қалай шебер иленген. Осындай терілер Ұлы Жібек жолында қазақтардың негізгі экспорттық айырбас құралы болған. Міне, жібекке салынған дәстүрлі біз кесте, қалай ұсақ, қалай әдемі тігілген. Бүгінде бұл техниканы жоғалтып алдық, бірақ оның да екінші өмірі басталады деп сенеміз.
БАТЫСТЫҢ ЕРЕКШЕ ДӘСТҮРІ
- Сіздің Атырауға келу мақсатыңыз қандай?
- Өңірлеріңіз халықтық қолөнер кәсіпшілігімен әйгілі болса да, біз көп уақыт бойы сіздергекеле алмай жүрміз. Сарайшықтағы археологиялық қазбалардан табылған заттар мұнда металдан, шыныдан, темірден бұйымдар жасалғанын растайды. Қыш ыдыстар жасайтын шеберханалар болған. Олар өз бұйымдарымен Сарайшық арқылы өткен керуендерге қызмет көрсеткен. Алайда өзінің ерекше дәстүрі бар зергерлік өнері бұл өңірдің қолөнер саласында маңызды орынға ие болған. Осы көлемді де қатал әшекей бұйымдардан ұлылықтың, паңдықтың ізі байқалады дер едім. Өкінішке орай, бүгінде осындай спецификалық тәсілдерді игерген шеберлер өте аз, зергерліктің бұл стилі жойылу алдында тұр. Алайда мен мұны әлі де жаңғыртуға болады деп ойлаймын. Біз қазір жергілікті билік және бизнеспен бір топ атыраулық жастарды Батыс Қазақстанның зергерлік өнер техникасына үйрету мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
- Қолөнер кәсіпшілігінің басқа да түрлерін қамту ойларыңызда бар ма? Сіз үздік киіз басушылардың бірісіз ғой.
- Әрине, Батыс Қазақстанда киіз басу да, тігіншілік те жақсы дамыған еді. Алайда мен қазір «әр нәрсенің басын бір ұстауды» қалап отырған жоқпын. Алдымен бір бағдарламаны бастап алу керек, соңынан тізімді кеңейтуге болады. Оған қоса, мен киіз басу бойыншатренинг (заманауи әдістеме) жүргіземін ғой. Жергілікті мал жүнімен жұмыс жасап көрген дұрыс болар.
- Айжан, сіз ұйымдастырушыдан гөрі, ең алдымен, шығармашыл адамсыз ғой. Менің білуімше, сіздің бірқатар жұмыстарыңыз шетелдік галереяларда қойылған.
- Мен ұйымдастырушы, экономист әрі суретші мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бұл маған әр қырымнан танылуға мүмкіндік берді. Бір кездері мен шығармашылықпен көп жұмыс жасадым, қазақстандық және шетелдік көрмелерге қатыстым. Менің жұмыстарым Турин қаласындағы (Италия) Заманауи өнер музейіне, Қастеев атындағы Мемлекеттік музейге, Президенттік мәдениет орталығына (Астана), Германия, Франция, Канада, АҚШ елдерінің жеке коллекцияларына қойылған. Алайда қазір бар күшім Қолөнершілер одағына кетіп жатыр. Одақ аяғына нық тұратын уақыт та келер деп үміттенемін, сол кезде ғана шығармашылықпен тікелей айналысатын боламын.
- Халық шеберлерінің бұйымдары Қазақстанда, шындығын айту керек, көп сұранысқа ие емес. Ал шетелдіктердің бұларды сатып алуда белсенділіктері басым.
- Мен халық өнері жәрмеңкелерін ұйымдастырумен 1995 жылдан бері шұғылданып келемін. Бастапқы кездері біздің клиенттеріміз, негізінен, шетелдіктер болса (80 пайыздай), бірте-бірте жағдай оңала бастады және біз өз қазақстандық сатып алушыларымызды «қалыптастырдық». Қазір біздің негізгі сатып алушыларымыз – орта табысы бар қазақстандық азамат деп батыл айтуға болады.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚПЕН ҚАРУЛАНҒАН
- Бірде сіз Қазақстанда Қолөнер орталығы болуын армандаймын деген едіңіз...
- Бұл идея сонау 1997 жылы АҚШ-та болғанымда туындаған. Мен өнер мен кәсіпшіліктің керемет екі орталығын көру бақытына ие болған адаммын. Бірі – Коннектикутте, екіншісі – Александрияда (The Torpedo Factory Art Center). Бұл - кезінде Қорғаныс министрлігіне торпедолар шығарған зауыт орналасқан үлкен ғимаратты мемлекет шығармашылық адамдардың қолына берген ерекше тәжірибе. Бұл ағартушы, білім беру орталығы және коммерциялық тұрғыдан да өте тиімді. Жыл сайын мұны көру үшін Александрияға жарты миллионға жуық адам келеді. Міне сол кезде менде Қазақстанда да осындай үлкен орталық ашу идеясы келді. Ол жерде шеберханалар орналасып, көптеген келушілер шеберлердің жұмысын, көрме залдары мен салондарды тамашалап, осы кәсіпті игергісі келгендерге арналған мектеп-студиялар ұйымдастыруға болар еді... Бұл әзірге арман ғана, алайда ерте ме, кеш пе бұл жүзеге асады деп сенемін.
- Айжан, сіз мені дүниеден ерте озған кіші Сергей Бодровтан айнымайтын Ася атты қызыңызбен таныстырып едіңіз ғой. Ася да шебер екенін білемін. Бұл қандарыңызда бар-ау деймін.
- Ася да қолөнермен шұғылданғанды жақсы көреді, алайда әзірге өз жұмыстарын жарыққа шығаруға ұялады. Бірақ шығармашыл адам екенінде сөз жоқ. Қазір ол белгілі Bauhaus университетінің магистратурасына түсті, оның қабырғасында кезінде Василий Кандинский дәріс берген. Оқу орны дәліздерінде Роден мен Мунктің төлнұсқа туындылары қойылған. Үлкен тарихы бар университет. Ася да мұнда өзін жақсы сезінеді-ау деймін. Ол медиадизаин мамандығын таңдады. Суретке түсіргенді ұнатады және Германияда өз фото көрмесін өткізіп те үлгерді. Плакаттар топтамасын жасады, сурет салумен айналысады. Қысқасы, өзін шығармашыл адам ретінде тапқысы келеді.
Сұхбаттасқан Зинат ОРЫНБАСАРОВА